Бұл туралы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Sport+ You Tube каналына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бас бапкердің айтуынша, Сәкен Бибосынов Таиландта өткен Азия чемпионаты кезінде үшінші сәбиінен айырылғанын білген.
«Сәкеннің отбасында қиын жағдай болып жатыр. Өзі ұтылып қалып жатты, келесі күні баласы шетінеп кетті. Маған номерге келіп еңіреп жылаған кезде екеуміз құшақтасып бірге жыладық. Өте ауыр», — дейді Қайрат Сәтжанов.
Ал, журналист Айбек Қабылша боксшының бұған дейін екі баласы шетінеп кеткенін мәлімдеді.
«Оған дейін екі баласы шетінеп кеткен, үшіншісі де шетінеді. Құрметті көрермен, мен айта кетейін бұл ақпаратты маған ешкім айтқан жоқ. Өзімнің естуімше, туылмай жатып, іштегі екі перзенті шетінеген. Үшінші рет әйелін Алматыда дәрігерлердің бақылауда ұстап, ай-күні жетіп қалған кезде тағы да перзенті шетінеп кеткен. Сәкеннің ер азамат, әке ретіндегі арманының күл-талқан болғаны оның жаттығуына, жетістігіне кері әсерін бермей қоймайды. Сондықтан біз кейде ішкі жан дүниесінде, жеке өмірінде не болып жатқанын білмей жатып сынап, ауыр сөздер айтып жатамыз. Мысалы Асланбек Шымберегеновтың де дәл сол Олимпиаданың алдында ажырасып кеткенін кейін білдік. Сол үшін кінәлауға асықпайық», — дейді ол.