Күйеуінен он жыл бойы таяқ жеп келген дипломаттың әйелі «Қазақстан халық партиясы» арнасына сұқбат беріп, қазіргі жағдайымен бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ол дағдарыс орталығында екі баласымен бірге тұрып келеді. Орталыққа орналасуға туған әпкесі көмектескен. Барлық шығындарды, тіпті азық-түлік және киім-кешекке дағдарыс орталығы қаражат бөліп келеді. Қазір Карина Мамаш ажырасуға өтініш білдірген.
«Таңертең ерте тұрып, таңғы ас ішеміз. Балалар сабақтарын оқиды, психологпен сөйлеседі. Аптасына екі рет кезекшілікке түсемін. Орталықтағы әйелдерге тамақ дайындап, еденді жуамын. Ол суретті әлеуметтік желідегі топқа жіберіп, есеп береміз. Мен қазір толықтай дағдарыс орталығы есебінен күн көріп келемін. Балаларыма жылы киім алып берді. Тіпті жол ақысын да төлейді.
Мен 90-жылдардың тумасымын. Мен ақшасыз өмірдің не екенін, қалай екенін түсінемін. Көргенмін. Кезінде анам екі баласын жалғыз асырып, көтерген. Әкем ерте өмірден өткен соң, он үш жасымнан жұмыс істей бастадым. Мен үшін жұмыс істеу қиын емес. Сот басталғанға дейін жұмыс тауып аламын.
Күйеуім қазір ешқандай қаржылай қолдау көрсетпейді. Балаларының киімдерін де берген жоқ. Маған және балаларына келгенде сараң еді. Ал туыстарына ақшасын шаша беретін. Біздің ортақ үш бөлмелі үйіміз бар. Ол маған «пәтерге оралсаңдар, саған кілтті беремін. Мүлдем жоламаймын, тиіспеймін. Балалар үйде тұрсын» деп жазды. Бірақ оның бір күні үйге келмейтініне кім кепіл бере алады? Егер ол балалардың өз үйлерінде тұрғанын қаласа, үйді солардың атына жазып берер еді. Бұл ортақ үйден басқа тағы екі пәтер бар. Олар оның туыстарының атына жазылған. Ол екеуі де біз некеде болған уақытта сатып алғанбыз», — деді Карина Мамаш.
Карина Мамаш дағдарыс орталығының жұмысына көңілі толатынын, және оларға жақсы қарайтынын айтты.