ЮНИСЕФ: ҚР-да балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жыныстық зорлық көрсету белең алып отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ЮНИСЕФ: ҚР-да балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жыныстық зорлық көрсету белең алып отыр

ЮНИСЕФ: ҚР-да балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жыныстық зорлық көрсету белең алып отыр

Қазақстанда балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жыныстық зорлық көрсету белең алып отыр, дейді ЮНИСЕФ (БҰҰ балалар қоры)ұйымының халықаралық консультанты Робин Хаар.

  • 27 Мамыр 2011
  • 1122
Фото - Caravan.kz

«Қазақстанның балалар үйлерінде балалардың, персоналдың балаларға жыныстық зорлық көрсетуі басқа зорлық-зомбылық түрлерімен салыстырғанда кеңірек тараған. Біз Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысының 30 интернат мекемесінде тексеру жүргіздік. Оның барысында балалардың (қор сауалнамаға тартқан балалардың — ҚазТАГ) 35%-на жыныстық зорлық көрсетілгенін, 25%-ына күш қолданылғанын, 15%-ына психологиялық қысым көрсетілгенін анықтадық», — деді Р.Хаар бейсенбі күні «Ең әлсіз балаларға қорғаныс ортасын құру» деген тақырыптағы дөңгелек үстел отырысында.

БҰҰ Балалар қорының басқа сарапшысы Радослав Жехак мемлекеттік интернат мекемелерінде әрбір 2-ші балаға әр түрлі зорлық-зомбылық көрсетілетінін жеткізді.

«Әрбір екінші бала әр түрлі зорлық-зомбылыққа: психологиялық, жыныстық, физикалық зорлыққа ұшырайды. Жылдар бойы зорлық-зомбылық көрмес үшін, балалар өздеріне қол салады, 2011 жылы балалар үйлеріндегі суицид өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артқанын атап өткім келеді», — деді сарапшы.

ЮНИСЕФ-тің мәліметтеріне сәйкес, 2010 жылы ҚР-да балалардың арасында 256 суицид оқиғасы тіркелген. Есепте ҚР бас прокуратурасының мәліметтері де келтірілген, еліміздің бас қадағалаушы органының есептеуінше, 2010 жылы өз-өзіне қол салу әрекеттерін қоса есептегенде, 152 суицид оқиғасы болған.

Өз кезегінде ҚР БҒМ адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің төрайымы Раиса Шер жағдайдың «түзеліп» келе жатқанын айтты.

«…Сөзбен немесе психологиялық қысым, жыныстық зорлық көрген балалармен ең үздік психологтар жұмыс істейді, біз осылайша әлеуметтік оңалту жүргіземіз. Қазір қоғамда (жетімдер үйлеріндегі — ҚазТАГ) балаларға немқұрайлы қарау азайып келеді, әрбір үшінші қазақстандық отбасы жетімдер үйінен бала асырап алғысы келеді», — деді ол.

Еске сала кетейік, ЮНИСЕФ «Қазақстанның мемлекеттік интернат мекемелеріндегі балаларға қатысты зорлық-зомдылық» зерттеуін 2010 жылдың 8-11 қарашасында 30 жетімдер үйінде жүргізді. 8-23 жас аралығындағы балалардан сауалнама алынды. Оған 997 бала қатысты.

ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы балалардың жағдайын бағалау үшін елімізге алғашқы миссиясын 1992 жылы ұйымдастырды. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы жобасы балаларды қызамық пен полиомиелитке қарсы егу болды.

Соңғы жаңалықтар