Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы өкілдерімен бірлесіп «Южполиметалл»АҚ кәсіпорны тарапынан табиғат қорғау заңнамасын орындау жағдайына кешенді тексеру жүргізді. Кәсіпорын маңындағы аумақтарда, соның ішінде сол төңіректегі үш мектептің айналасынан ауа сынамасы алынды. Ондағы анорганикалық тозаңдар концентрациясы шекті-мүмкін концентрациядан 2-3 есе, ал қорғасын концентрациясы 5 есе артық екені анықталды. Сондай-ақ, аса қауіпті заттарға жататын күкірттің қос тотығының концентрациясы 2,8 есе, көміртегі окисінің мөлшері 1,5- 2 есе артық екені белгілі болды.
Табиғат қорғау прокуратурасы «осындай қалдықтар ауаға арагідік қана емес, жүйелі түрде тұрақты тасталып отыратынын анықтады». Дейтұрғанмен, бақылаушы органдар тарапынан нақты шаралар қолданылмай отыр, дейді прокуратура өкілдері.
Тексеру қорытындысы бойынша табиғат қорғау прокуратурасы қаулы жобасын әзірлеуде. Ол қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аумақтық басқарманың қарауына жіберіледі. Заңнамаға сәйкес, «Южполиметалл»АҚ кәсіпорнына 130 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал табиғат қорғау нормаларын бұзу оқиғалары қайталанған жағдайда прокуратура кәсіпорынды жабу туралы мәселе көтере алады.