Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Таралған видеодан күдіктілердің туған күн иесін Қайрат Нұртастың «Туған күн» әнімен құттықтап жатқанын байқауға болады. Ал, туған күн иесі торт үрлеп тілек тілеген. Күдіктілердің бірі туған күн кешіне «қыздарды» да шақырған сыңай танытқан.
«Асеке, қыздарды да тарт, есікті аш», — дейді ол.
Ал, Алматы облыстық полиция департаменті аталмыш видеоға қатысты жан-жақты тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Уақытша ұстау изоляторында бір күдікті тұлғаның туған күнін атап өту бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды»-, дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Мейрам Әбікеев.
Желі қолданушылары күдіктілердің «жайлы» өміріне таң қалуда.
«Қолдарында телефон, демек wi-fi да бар деген сөз. Мыналардікі рахат қой», «Мынау бір заманауи түрме екен. Таразда да осындай бір түрме бар. Қылмыскерлер таңертең шығып қыдырып, жұмыс істеп, түрмеге кешке барады. Мынау да сол жер сияқты екен», «Мыналар қиналып отырған адамға ұқсамайды ғой, оның үстіне қыздар шақырыңдар деп қояды», «Бұларды жылы жерде неге асырап отыр, жер айдауға жіберсін», «Бір отбасының тас талқанын шығарып, дым болмағандай отыр», — деп жазды олар.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 4 қазанға қараған түні Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөспірімнің өліміне қатысы бар деген айыппен 11 күдікті ұсталып, қамауға алынған.