«Ғылыми сараптамалардың деңгейі төмен. Заңгерлік техника ережелері ұдайы сақтала бермейді. Үкімет тарапынан енгізілетін кейбір заң жобаларында республикадағы қазіргі қолданыстағы заңнамалық актілерге қайшы келетін нормалар кездесіп жатады. Кейде тиісті мемлекеттік мекемелермен келісілмеген заң жобалары парламентке келіп түсетін жағдайлар кездеседі»,- деді О.Мұхамеджанов.
Мәжіліс төрағасының пайымдауынша, «депутаттар тарапынан заң шығару жөніндегі бастамашылық құқықты жүзеге асыруда қиындықтар кездеседі. Бұл тұрғыда үкіметпен салыстырғанда халық қалаулылары «інінің кейпінде». О.Мұхамеджановтың пікірінше, конституцияда заң шығарушылық бастама міндетті түрде үкімет тарапынан оң бағаға болуы шарт деп көрсетілуі «басты қолбайлау себеп» болып отыр.
Мемлекет басшысы қол қойған «Конституцияның әлеуетін толыққанды пайдалану шаралары туралы» жарлық «үкіметті құру процессінде парламент атқаратын функциялардың аясын кеңейтіп, әлеуметтік-экономикалық блок министрлерін парламенттің салалық комитеттерінде үміткерлерді алдын-ала талқылаудан кейін барып тағайындау тәжірибесін қолданысқа енгізеді»,- деді О.Мұхамеджанов. Осыған байланысты, оның пікірінше, «парламент бюджеттің орындалуына және кейбір нақты заңдардың орындалуына қатысты үкіметтің есебін тыңдау жөніндегі заңдық тетіктерді тиімді пайдалануға тиіс».
Мәжіліс төрағасы сонымен бірге Есеп комитетінің «бюджет пен салыққа қатысты жалпы қарым-қатынастар кешенін, сондай-ақ, мемлекеттік меншікті пайдалануды заңнамалық тұрғыдан реттеу проблемалары мен кемшіліктерін қорыту» функциясын тереңдету арқылы парламенттің қаржылық бақылау мүмкіндіктерін арттырған жөн деген пікір білдірді. Осыған байланысты О.Мұхамеджановтың пікірінше, «Қазақстан Республикасындағы жоғарғы қаржылық бақылау органы туралы» заңды қабылдау қажет» деген ұсынысты қолдауға мүмкіндік бар.
«Парламент пен үкімет арасындағы ықпалдастық процедураларын жан-жақты жетілдіре түсу қажет»,- дейді мәжіліс төрағасы. «Біз заң шығару барысының тиімділігін арттыру, заңдарды түрлі мекемелер мен биліктің мүддесіне емес, жалпы халықтың мүддесіне бағыштау үшін күш біріктіруіміз абзал»,- деді ол.