Жарияланды: 6500

Зейнеп Ахметова: Аталы сөздің астарлы мағынасы

Зейнеп Ахметова: Аталы сөздің астарлы мағынасы

Зейнеп Ахметованың жақында жарық көрген «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді.

…Қолында бір парақ қағаз бен қарындашы бар Бәкең кіріп келіп, әңгіменің желісін үзіп жіберді. – «Тұшыну» деген сөздің мағынасын айтып беріңдерші, – деді келе сала. Рұқсатсыз, кіріспесіз сөз бастады. Ата әңгіме ауанын ортадан киіп кетіп кимелей бұзғанды ұнатпайтын кісі. Қазір сазайын береді деген зымыран ой басыма келе қалды. Бірақ осы жолы бұлт үйірілмеді, баласына ашу шақырмады. Жайбарақат үнмен жауап қатты. – Тұшыну деген – иіс пен дәмді бірдей сезініп, сүйсіну, – деді. Бәкең қазақшадан орысшаға аударма жасағанда ұқпаған сөзіне түсінік алу үшін мені «тірі сөздік» етеді. Мақтанғаным емес, ол аударған үлкенді-кішілі әдеби шығармалардың барлығы менің қолғабысымды көрген. Қазақ тілінен Бәкеңе «ұстаз» болуға жарайтындай сөздік қорым бар десем де, атаға ілесе алмаймын. Таудың қасындағы жайдақ төбешік секілді болып тұрамын. Ол кісінің тақ еткізіп, бөгелмей жауап беретін сөзіне мен болсам «ол енді былай ғой...» деп алыстан орағытып, біраз сүйретіп, сөз көбейтемін. Міне, қазір де тек тұшынуды ойлап отырғандай зу еткізді. – А-а-а, түсіндім-түсіндім! – деді Бәкең, – мысалы, иісі бұрқыраған дәмді қымызды ішіп рақаттанғандай ғой?! «Сөзін тұшынып тыңдады» деген сөздің әрі әдемілігіне, әрі мазмұнына риза болғаны, солай ма? – деп сұрағына жауап күтпей, – тағы екі сөзге көмек керек, «қолкесерін жақсылап салып берді» дейді, осындағы «қолкесер» деген немене? Ата бұған да тоқтаусыз жауап қатты. – «Қолкесер» – мал сойысқан адамға үй иесінің сол сойылған малдың етінен шикідей беретін сыбағасы. Соғым кезінде болсын, басқа уақытта болсын, мал сойғанда жаза басып қолын кесіп алуы мүмкін ғой. Әу баста қолын жарақаттап алған кісіге өтеу ретінде берілген секілді. Кейін келе мал сойысып көмектескен адамға алғыс айту ретінде дәстүрге айналған. Тіл зерттеуші ғалымдардың бұл сөздің шығу тегін қалай түсіндіріп жүргенін білмеймін. Мен тіл маманы емеспін. Тек өз білгенімді, өз пайымдауымды айтып отырмын. Осы «қолкесерді» кейбір жерде «қолүздік» деп те айтады. Тағы нең бар сұрайтын? – деді ата. – Қазір, қазір... – деп баласы қарындашын жорғалатып, бір нәрселерді қағазға түсіріп жатты. Жазуын жазып болған соң: – «Айырылысар көже берді» дейді. Қандай көже? Қазақ көжеге қонақ шақырушы ма еді? Негізін түсінбесем орысшаға аударғанда ұғымсыз болады, то есть, орысша мағынасы оңды шықпайды. Сөзбе-сөз «пригласил их на прощальную похлебку» дей алмаймын ғой. Әрине, оны «пригласил их на прощальный обед» деп орыс оқырмандарына ұғымды сөзбен аудара аламын. Бірақ неғылған көже бұл өзі? Соны білуім керек, – деді Бәкең. – «Айырылысар көже», «айырылысар аяқ», «көшерлік» беру – ертеден бері келе жатқан жақсы салт, – деп ата ықыластана сөзін бастады. – Мен саған мұны әріден түсіндірейін. Қанаттас қонған ауылдардың алғашқы келіп қоныстанғаны кейінірек келген ауылды ерулікке шақырады. Мал сойып, дастарқан жасап, дәм татқызады. Ерулікті апарып та беретін жағдай болған. Жаңадын көшіп келіп, үйлерін тігіп, желісін керіп, мамағашын қағып дегендей, абыр-сабыр қарбалас тірлікпен қазан көтеруге мұрша болмай жатқан ауылға сабасымен қымызын, астауымен етін, дастарқанымен бауырсағын алып, көрші ауыл ерулік әкеледі. Еруліктің қандай түрі болсын – барыс-келістің басы, сыйластыққа салынған жол. Ерулік – құрметті, әдемі дәстүр. Сонымен, бұл ауылдар жайлауды бірге жайлап, жаз қызығын бірге көреді. Той-томалақ қуанышын бірге тойласып, өлім-жітімін бірге көтерісіп жатады. Осылай сыйласқан адамдар күздеуге не қыстауға көшерде, иә болмаса, басқа жаққа қоныс аударғанда тағы да бір-бірін дәмге шақырысады. «Көже» деп аталғанымен кәдімгідей мал сойып, қадірлі мүшелерді алдына тартады. «Ұрыспай айырылысқан – ұялмай қосылады» деген аталы сөз бар. Қоныстас болғандар бір-біріне игі ниет-тілектерін айтып, «алдағы уақытта да дәмдес-тұздас болуға тәңірі жазсын» деп қоштасады. «Айырылысар көже» дегеннің мен білетін мәні – осы. Қазір мұны «қоштасу шайы» деп жүр. Келісімді сөз. Қалай айтылса да, иманжапырақ секілді өміршеңдігімен тамыры қурамай, желісі үзілмей келе жатқан көне дәстүр, – деп ата кідіріс жасады да: – Айтса да, сен жаңа «қазақ көжеге қонақ шақыра ма» деп қалдың. Жылына бір рет шақырады. Ол – қасиетті Наурыз, Ұлыстың ұлы күні наурызкөжеге бірін-бірі шақырады. Бірақ мұнда да қадірлі мүшелер болады. Қысқы соғымнан арнап сақтайды. Бұл – бөлек тақырып, үлкен әңгіме, – деп ата сөзін кілт үзді. (Зейнеп Ахметова, «Бабалар аманаты») Аталмыш кітап жайлы 87016520613 (Айгүл) хабарласуларыңызға болады. Естелік-эссенің басы ҚОҒАМ рубрикасында мына күндері жарияланған: Зейнеп Ахметова: Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды 07/11/2012 Зейнеп Ахметова: Сәлемдесе білеміз бе? 13/11/2012 Зейнеп Ахметова: "Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас" 15/11/2012 Зейнеп Ахметова: ......сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады 18/11/2012 Зейнеп Ахметова: "Мәдениетті болу - шікірейіп қызметкер болу емес" 20/11/2012 Зейнеп Ахметова: Ұлттық қасиет тарылып барады 22/11/2012

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін