Жарияланды: 1200

Зейнеп Ахметова: Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды

Зейнеп Ахметова: Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды

ҚОШҚАРДЫҢ БАСЫН МҮЙІЗІМЕН ТАРТУЫН ҚҰРМЕТ САНАҒАН МҮСІНШІЛЕР… (З.Ахметованың жақында жарық көрген «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді

...Қазақтың дәстүріне тиесілі болғандықтан маған да қатысы бар деп, бас туралы тағы бір ерекше жағдайды айта кетуді де жөн көрдім. Қазақ халқының армандаған бостандығының ең алғашқы қадірлі нышандарының бірі – Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі екені баршаға аян. Алматыға алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтар мен Қазақстанның әр аймағынан қатынап жататын адамдардың бұл жерге соқпай өтетіні кемде-кем десем, асырып айтқаным емес. Қаланың орталық алаңына орналасқандықтан кісі аяғы үзілмейтін көпшілік орын. Мерекелік шерулер мен парадтар, спорт мерекелері мен даталы күндерге арналған концерттер өткізіледі, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлар да үнемі келіп жатады. Бұл сәулет ансамблі зәулім тас колоннадан және оны айнала қоршаған қаптал тастардан тұрады. Сол қаптал тастарда халқымыздың сонау көне Сақ дәуірінен бастап, еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихы қысқаша бейнеленген. Ал биік стелланың ұшар басында қанатты барыс мінген, Есік қорғанынан табылған Алтын жауынгердің («Алтын адам») асқақ мүсіні орналасқан. «Бәрекелді!» – деп көңіліңізге мақтаныш сезімі ұялайды. Сонда қойдың басына мұның не қатысы бар дерсіз? Айтайын. Шетелдіктерге бәрбір, сырт көрінісін тамашалап, басқа жағына мән бермей, кете береді. Алайда өзіміздің қазақтар ұлттық ұғымға, ұлттық дәстүрге қоңсы қона алмайтын көріністі байқамауы мүмкін емес. Алтын жауынгердің сол жағында орналасқан қаптал тастардың үшіншісінде басында мұрақ киген айбарлы адам отыр. Шамасы, Абылай хан бабамыз болуы керек. Оң жағындағы жас әйел табаққа салған қошқардың басын ұсынып жатыр. Қошқар болғанда да мүйізі ширатыла оралған, яғни мүйізі қағылмаған басты шүйдесін қарата алдына қойыпты. «Әттеген-ай! Қазақтың салт-дәстүрін білмейтін, иісі мұрнына бармайтын, қазақ емес, өзге ұлттың өкілі жасаған болар» деп қатты өкіндім. Сөйтсем, «жат қорлықтан өз қорлық жаман» дегендей, мұны жасаған авторлардың арасында бірде-бір басқа ұлт жоқ, бәрі өзіміздің қазақтар екен. Сіз бен біз секілді қарапайым қара қазақ емес, атақтылар мен мықтылар. Сонда бұл не? Білместік пе, әлде әйелдің хан алдына қошқардың басын мүйізімен тартуын ерекше құрмет санаған мүсіншілердің далбаса қиялы ма? Атақты болсын, басқа болсын, ғасырлардың ар жағынан келген дәстүр-салтты өз беттерінше жамбасқа басып бұза берсе, қазақтың ұлттық қалпынан не қалады?! Айта-айта ауыз талды, халықтың ұлт болып сақталып қалуы, ең алдымен – тіліне, содан кейін өзіне тән ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпының жойылмауына байланысты. Қазір онсыз да ағылшын, американ, араб боламыз деп қазақтың қалт-құлт етіп тұрған қадір-қасиетін қасқыр талағандай жұлмалап, қансыратып жатқандар қаптап жүр. Бір жолы алты жасар немерем Мадиярды қыдыртып сол жерге апардым. Өзімше тастағы бейнелерді түсіндіріп жатырмын. Сонда Мадияр «әже, сіз қонаққа неге мүйізі жоқ бас бересіз» демесі бар ма?! Төбемнен суық су құйып жібергендей әсерде болдым. Өйткені бала тастағыны дұрыс көріп тұр. Оның қателік екенін қайдан білсін?! Менің немерем көргенді басқа бала да көреді ғой, өсер ұрпаққа ұқтырған ұлттық үлгіміздің бір түрі осы болғаны ма сонда?! «Айтпаса, сөздің атасы өледі» деп Тәуелсіздік монументін жасап, сый-құрметтің астында қалғандардың біреуіне жіберген ағаттықтарын бүкпесіз айтып салдым. «Жапалақ үркітуге жарайтын қауқары бар мына бейшара кімге сын айтып тұр» дегендей, бетіме қарап, кекесінмен жымиды да: «Сіз мұндай күрделі композициялық құрылымның өзіндік ерекшелігін, сәулет өнерін түсінбеуіңіз мүмкін. Бұл – үлкен шығармашылық ойдан туған образдар мен аллегориялық пішіндерден тұратын мүсіндер. Ол қазақтың салтын көрсетуге арналған жоқ, тарихи маңызы бар кезеңдерді қамтыған дүние. Сондықтан майда-шүйде салт-малтты айтып қайтесіз?» – деп өзімді біраз «оқытып», көзімді ашып тастады. «Сүзеген сиырға құдай мүйіз бермепті» демекші, еркек болсам, тұрған жерінде ұшырып түсірер ем, жаулық салған әйел болған соң, бөріктіге қалай қол көтересің?! (З.Ахметова, «Бабалар аманаты») Аталмыш кітапты сатып алғыларыңыз келсе, хабарласыңыздар. 87016520613 (Айгүл)

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін