Зейнеп Ахметова: Сәлемдесе білеміз бе? - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зейнеп Ахметова: Сәлемдесе білеміз бе?

Зейнеп Ахметова: Сәлемдесе білеміз бе?

СӘЛЕМДЕСЕ БІЛЕМІЗ БЕ?

  • 13 Қараша 2012
  • 3315
Фото - Caravan.kz

Зейнеп Ахметованың жақында жарық көрген «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді. Естелік-эссенің басы «Газета.кз».

санында жарияланды.

…Алайда «кетіп қалды» деген атам қайырыла қайтып келді. Жанары ұшқындап тұр. Келді де:
– Сәлемдесе білесің бе? – деп мен күтпеген қызық сұрақты көлденеңдете салды.
Түлен түрткендей қара басып, күліп жібердім.
– Ақыл аялдайтын жерің жоқ! – Сұқ саусағын қадап, шекесін бір нұқыды да, шұғыл бұрылып шығып кетті.
Ерінімді ауырта тістеп, мен қалдым. Жаңағы ойсыз күлкінің өзі түгілі ізі де ғайып болған. Оқтау жұтқандай илікпей қалшиып, бір орында әлі тұрмын. Қозғалуға шамам жоқ сияқты.
Атаның ұшқындап тұрған жанарының тегін еместігін, бір тықырдың таянуы мүмкін екенін аңғаруым, абайлауым керек еді-ау! Қайтейін, бейқам-дығым омақастырып кетті. Енді өкін-өкінбе, бармағыңды қалай тістесең де, болары болды. Баяғыда біреу: «Тарыны берген кісіден көрейін бе, жей алма-ған тісімнен көрейін бе?» – депті ғой. Сол айтқандай, қайын ата сұрағына жа-уап берудің орнына өкпемнен жын қысқандай беталбаты күлгеніме ренжиін бе, әлде «ақымақсың» дегендей ишарасына ренжиін бе?
Пенде шіркіннің ең көп қолданатын сөзі «мен» болғандықтан қашан да өзін ақтауға жанын салып, алдымен өзіне араша түсетін әдеті бар емес пе, менің де пенделігім алға шықты. «Кінәсіз сөз естідім» деген жасындай жалт еткен өзімшіл ойдың ұшқыны жеткілікті болды. Көмейіме кеспектей бірдеңе тығылып қалғандай тынысым тарылып, бұрқ еткен ессіз ашудың тұтқынына түстім де кеттім. Кеудеме кептеліп қалған өксіктен құтыла алмай, не көзім-нен жас шықпай, иегім құрдан-құр дір-дір етеді. Еріксіз билеп әкеткен ашу сыртқа шықпаған соң өшіңді кімнен аларыңды білмей, булығады екенсің. Осындай қыстығып қалғанда жүйке-жүйкеңді еркіне жіберіп, ағыл-тегіл көлдетіп бір жылап алсаң ғой, шіркін! Іштегі қорғасын-ауырлықтан жеңіл-деніп, қағынды ашу-ызадан босап, жаның терезе тауып, сергіп қалар еді. Бірақ көздің жасы деген қалаған уақытыңда керегіңше ағыза беретін құбыр-дың суы емес қой…
Нақтылы не ойлап тұрғанымды білмеймін, жүйесі жоқ жүйіткіген бір есірік сезім «буымды» бұрқыратып жатыр.Үстел үстіндегі әр затты бей-берекет ұстай бердім. Бір отырып, бір тұрып, әбден берекем кетті. Ақыры кесе толы суық суды ындыным кеуіп қалғандай сіміріп салған соң барып, әлгі санамды көлегейлеп, атойлап бара жатқан ашу-ыза сәл саябыр тапқандай болды. Аяқ астынан тап беретін қабаған ит секілді шаужайыма оратылған сүйкімсіз күйден біртіндеп арыла бастағандаймын.
Әкем марқұм: «Ашу деген – еститін құлағы жоқ, көретін көзі жоқ, ойлайтын миы жоқ ессіз бір дүлей. Алды-артыңа қаратпай арандатып, орға жығуға асығады. Неге болса да сабыр сақта, сабырдың артында «ақыл» дейтін дана бар. Көңілді ашудың ырқына жеңгізбе, ақылға жүгін! «Ақылдың арты – сайран, ашудың арты – ойран» деген көне сөзді ұмытпай жүрсең, та-лай қателіктен аман өтесің», – деп құлағымызға құятын. Қазір менің жағдайымда сабыр-тағат сақтағаннан басқа лаж да жоқ, ұтымды жол да жоқ.
Мен ғой өз көңілімді әлдилеп әлекке түстім. Ата не істеп жатыр екен, ол кісі де ашуланып кетті емес пе?! Бірақ ең дұрысы – атаның тасуы қайтып, қарқыны басылғанша көзінен таса бола тұру. Ата сабасына түскенше шыда-сам, арты қайырлы болушы еді. Кейісе де кек сақтамайтын ерекшелігін түсіне бастағам. Бір жерден оқыдым ба, жоқ, өзім шығардым ба: «Иә, атаның қаһары қатты, мейірімі тәтті», – дедім іштей тақпақтап. Осылай жырымдал-ған көңілімді жақсы үмітпен жамап, қазан-ошақ басындағы үйреншікті күй-бең тірлігімді істей бердім. Әйтсе де, істей бердім деп айтуға оңай болға-нымен, құр аттың жүрісін жүріп, өгіздің жүгін арқалағандай, қараптан-қарап дәрменім құрып шаршадым. Бас деген мең-зең, қорғасындай зілмауыр тар-тып тұр. Көкейдегі көп түйткілдің жіп ұшы қайда екенін таба алмай, ойсоқты болдым да жүрдім.
«Келін атанғаныма бес жылдың жүзі болыпты-ау…» деп ойладым. Атаның қолына көшіп келіп, бір шаңырақтың астында, бір дастарқанның басында шайын құйып жүргеніме де екі жылдай болыпты. Сонда да атаны түсіндім, мінезінің ығы-жығына үйреніп, саржілік болдым деудің ауылы алыс. Тіпті мен үшін өйтіп айтатын күн тумайтын шығар, сірә… Неге десеңіз, ата екі жағы бірдей қайралған өткір қанжар секілді, олай тайсаң да, былай қисайсаң да – осып түседі. Таразыдай тең басып, белортада қылдан таймай жүруге дәмем үлкен болғанымен, дәрменім шамалы. Жаратылысы бөлек, қайшылығы көп ерекше жанның бабын таба қоюға өмірлік тәжірибем жетпейді. Жүрегім көзден бұрын көруге әлі қауқарсыз. Ата табиғатының қыры мен сырын жете түсінбеген соң талай нәрсенің ретін білмей, қиюын қиыстыра алмай, сүрінемін де жүремін. «Атаның бетіне жел болып тимесем екен, көңіліне олқы соқпасам екен, қабағын шытқызбасам екен…» деп қанша тыраштанып тырыссам да, не сөзімнен, не іс-әрекетімнен жаза басып, жайрап қалам…
(Зейнеп Ахметова, «Бабалар аманаты»)

Аталмыш кітап жайлы 87016520613 (Айгүл) хабарласуларыңызға болады.


Соңғы жаңалықтар