Зейнеп Ахметова: ......сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады
![]() |
Зейнеп Ахметованың жақында жарық көрген «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді. |
– Балам, – деді бір кезде жұмсақ үнмен, – кейде әзіл де адамды өкпелетеді. Қалжыңға келгенде Бақыттың жатыпатар, жертесер екенін өзің де білесің. «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» – ол бәрбір қалжың мен қағытпасын тастамайды. Сондықтан сен оған қарсы қалқан қойғын. Қандай қалқан дейсің ғой?! Өзің қосыла күлгін. Сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады. Өзіне-өзі күле алатын адам – ақылды адам. Әрине, ол оңай емес. Ар жағында ашытқы-мәйегі болмаса, кез келгеннің өресі жете бермейді. Сен «кез келген» болмағын. Осыны ойлан! Әйтпесе, ана менің черновигімнің әрбір қыршаңқы сөзіне жылай берсең, бетіңнің мөрі кетіп сүмірейе берсең, не тамтығың қалады?! Білемін, әдептісің. Бірақ әдептілік пен жасқаншақтықтың арасалмағы бөлек екенін түсінгін, – деді.
Атамның мына сөздерінен кейін кәдімгідей өркештеніп тілім шықты. Тұтықпай, ап-анық сөйледім.
– Ата, мен әзілге ренжімеймін. Реті келгенде әзілдескенді өзім де ұнатамын. Тек, ойламаған жерде көтеріп-соқпа қалжыңына төтеп бере алмай қаламын. Содан кейін сіздің көзіңізше қайдағы бәлені қойып қалғанда қысылып, не дерімді білмей тосыламын, – деп ағымнан жарылдым.
Атам мені мұқият тыңдап, сосын өзі сөз бастады:
– Көріп жүрсің ғой, ол менімен сөз қағыстырғанда да өткен-кеткен ескі жыны қозып кетеді. Қанжығасына оңай бөктеріле қоймайтынымды біледі, білсе де, әдейі бір жанап өтеді. Мен оған ренжімеймін. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген, тегінде әзіл үлкенге де, кішіге де керек. Алайда әзіл-қалжың зілсіз, астары кірсіз болса, дәмді болады. Жақсы әзіл жаныңды сергітіп, көңіліңді көтереді. Жарасымды, жағымды қалжың екі араға байлауы берік достық қарым-қатынас орнатады. «Әзілдері жарасқан жандар» деп жатады ондай кісілерді. Қалжыңды кек алуға, кекетіп келемеждеуге, кемсітіп сағын сындыруға қолданса, қадірі кетеді. Ол қалжың емес, төбелестің басы болады. Құрығанда көңілде дық қалады. Сондықтан әзілді орнымен келістіріп айта да білу керек, жүйесімен түсініп, қарымды жауап қайтара да білу керек. Әзіл-қалжыңның қасиеті – тапқырлық пен шапшаңдықта. Әдемі әзіл ақылдан шығады. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» дейді. Әзіл-қалжыңды түсінбейтіндердің көбі ақ үстінен қараны ажырата алмайтын топастау келеді. Қалжыңға бола ерін бауырына алып, тік шапшитындарға сөзді қор етпеген абзал. Ал бірін мыңға балап жүретін көңілі көл, жаны жайсаң адамдар болады. Олар айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап жүреді.
Мен өз өмірімде көптеген елде болдым. Талай жердің суын ішіп, дәмін таттым. Алуан түрлі ұлттың өкілдерімен араластым. Бірақ қазақ секілді қалжыңды шебер айтатын, ойып айтатын, тамырынан тартып айтатын халықтың сирек екенін анық білемін. Әсіресе «құрдас қалжыңы» деген ғұрып мен білетін бірде-бір ұлтта жоқ. Кездеспейді деп кесіп айтсам, құдайға күпірлік болмас. «Құрдастың құны – бір, шықса, жаны – бір» деп құрдастардың ерекше татулығын, өзгеше ынтымақ-достығын айтады. Құрдастардың әйелдері де жас ерекшелігіне қарамай, құрдас болып саналады. Оны айтасың, «әкесі құрдастың баласы да құрдас» деп, құрдастың баласы әзіл айтып жатса, оны қазақ сөкет көрмейді. Әрине, «жылқы жусайтын кезін біледі, сиыр күйсейтін кезін біледі» дегендей, әдептен аспай, ожарланып омырауламай сөйлеуді үлкен сыйлап өскен қазақтың қара баласы біледі, яғни қалыптан асып ауа жайылмайды. Содан кейін қалжыңға өкпелейтін құрдастың құны жоқ. Әзілге көзі ақшиып ренжісе, оның азаматтығына сын. «Сөз көтере алмайтын осал жігіт» деген мін тағылады. Ел ішінде құрдастар қалжыңының аңыз болып таралып кеткен небір қызық түрлері бар. Бұл өзі – ұзаққа кететін үлкен әңгіменің тақырыбы. Бүгін онсыз да әр төбенің басын бір шалдық. Осымен қалжыңды доғарайық, – деп ата тұруға ыңғайланды.
Жедел қимылдап, орнымнан шапшаң көтерілдім. Үлкен кісі түрегелгенде жас адамның, оның ішінде келіннің жалпиып отырғаны ұят-тағы.
– Балам, мен темекіні көп түтіндетіп жібердім, желорай жасағын, – деп ұзын шапанын иығына жамылып, есіктен ары аттады.
«Желорай» дегенді атадан алғаш естігенде түсінбеп едім. Сөйтсем ол аузымызды бұрап айтатын «сквозняк» деген сөз екен. Қазір мен де әдемі «желорай» сөзіне үйреніп алдым.
Ата темекіні көп шегетін болған соң, екі жағында қарама-қарсы терезелері бар осы бөлмені өзіне әдейі таңдаған болатын. Басқа бөлмелерге
қарағанда желдету жеңіл. Қарсы терезелерді айқара ашып, есікті жауып қойсаң болды, шамалыдан кейін-ақ түтіннен ада болып шыға келеді.
Бөлмені желдетіп, төсегін сілкіп салып, тағы қандай нұсқау болатынын күтіп тұрғанымда балкон жақтан ата көрінді.
– Енді бара бергін. Түнің тыныш болсын! – деп тілек айтты.
– Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз! – деп қоштасып, бері келдім.
(З.Ахметова, «Бабалар аманаты»)
Аталмыш кітапты сатып алғыларыңыз келсе, хабарласыңыздар. 87016520613 (Айгүл)
Естелік-эссенің басы ҚОҒАМ рубрикасында мына күндері жарияланған:
"Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды" - 07/11/2012
"Сәлемдесе білеміз бе?" - 13/11/2012
"Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас" 15/11/2012
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін