Жарияланды: 530

Зейнет жасы бейнет басы болмасын десек - БАҚ-қа шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Тәуелсіз Қазақстан мен Тұңғыш Президент - егіз ұғым» деген тақырыппен «Назарбаев орталығының» директоры Қанат Саудабевтың көлемді мақаласы жарық көрді. «Әлемде алуан түрлі басқарушылар - реформаторлар мен консерваторлар, арманшылдар мен прагматиктер болған, олар әлі де бар. Біздің Пре­зидентіміз - Батыстың жаңашылдығы мен Шығысқа ғана тән ғасырлардан жалғасқан құндылықтарды, дәстүр мен қоғамның

не­гіз­дерін құрметтеуге деген шексіз ұмтылыс пен динамизмді табиғи үй­лес­тіре білген жасампаз Көшбасшы. Сөйте тұра, Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан перзенті ретінде туған халқымен жаны да бір, қаны да бір болып қала береді», - дейді автор мақаласында. Осылайша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына жан-жақты баға бере келіп, белгілі саясаткер Президенттік Тәуелсіздікті нығайту жолындағы атқарған шаруаларына баға береді. «Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар үшін тек мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы - Президент қана емес, ол - халықтың өзі әді­летті Елбасы деп атаған, ұлт мойындап та­ныған Көшбасшысы. Ел тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдығы қарсаңында мың­да­ған қазақстандықтардың 1 желтоқ­сан­ды жалпыұлттық мереке - Тұңғыш Пре­зидент күні деп бекіту туралы бас­тамасы Елбасымызға деген шынайы ри­зашылығы мен шексіз көрсеткен құр­меті еді», - дей келе, ол барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сондай-ақ, аталмыш газетте «Абай елі» деген тақырыппен Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының қазіргі жай-күйі туралы мақала берілген. Мақалада Абай мен Шәкәрімдей алыптарды дүниеге әкеліп, Кеңес одағы кезінде «қырық жыл қырғынды» басынан өткерген киелі мекеннің бүгінде еліміздің егемендігі арқасында дамудың жаңа даңғыл жолына түсіп, өзіндік өркендеудің өнегесін көрсетіп келе жатқандығы баяндалады. Ауданда өзгелер үлгі алуға тұратын үздік үрдістер жетерлік көрінеді. «Егемен Қазақстанның» жазуынша, ...«Жас­­­қа да, кәріге де ақша көптік қыл­­­майды. Бірақ мемлекеттік зей­нет­­­ақы қымбат киімге, тамақты таңдап ішуге арналмаған. Ол қартай­ғанда жалғыз қалған, басқа табысы жоқ зейнеткерлердің ең қажет­ті шығындарын төлеуге есептелген. Сонымен қатар, өлместің күні деп зейнетақыны өсірмей қоймау­ға болмайды. Оның алғашқы сатысы 18000 - 40000 теңге болу керек дегеніне қазір ғана жеттік. Сосын зей­нетақы­ның төменгі және жоғарғы дең­гейлерін жасау әділеттік болып табылар дегені де іске асты». Мақалада автор қазіргі зейнетақы мәселелерін жан-жақты талқылай келіп, өзінің ұсыныстарын да білдіреді. «Әйел зейнеткерлердің жасын ұлғайту жалпы зейнеткерлер жү­йе­сін оңды-солды, кейбір кемші­лігін қоса қайтадан тегіс қарай­тын проблема болып тұр. Бұған зейнет­кер­лік­ке шығу жасын азай­тайық дейтін қайраткерлер не дейді? Ал, кәсіби қалыппен айналысып келе жатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігінің қызмет­кер­лері не ойлайды? Мұндай шешім қабыл­дан­са, ауыртпалық та, жауапкершілік те осы министрлікке түседі ғой. Марченко мырза айтты деп зей­нет­керлік жасын ұлғайта са­луға бола ма? Оның үстіне Ұлттық банк мұнымен айналыспайды және онда арнайы әлеуметтік қор­ғау бөлімі де жоқ. Сондықтан бұл мәселенің маңыздылығын ескере келе мем­ле­­кеттік арнайы комиссия құрыл­ғаны, оның мүшелері болып осы саланы жақсы білетін, халықтың қамын ойлайтын азаматтар тартылғаны, олар жан-жақ­ты сараптама жасап, қандай қиыншылық, қандай мүмкін­дік ба­рын айтып бергені дұрыс болар еді», - дейді автор. Мақала соңында әркім де 60 жастан асқан әй­ел­­­дің, әсі­ре­се, қыстың аязды күн­дері сүрінбей, құламай жұ­мыс­қа бара алатынына күдікпен қарай­ды. Сондықтан бюджет қа­ража­ты­на қанша сал­мақ түссе де әрқашан отбасының ұйытқысы болған ас­ыл әжелерімізді сұрақ белгісіндей бүкте­ліп қалғанша жұмыс­қа жегіп қоймасақ екен деп ой түйеді ол. Мақала «Зейнет жасы бейнет басы болмасын десек» деген тақырыппен берілген, авторы - экономика ғылымдарының кандидаты Әбдікәрім Жұмыров. *** «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Рухани азғындау - бізге төніп тұрған қатер» деген тақырыппен кинорежиссер Еркін Рақышевпен жүргізілген сұхбат берілген. Сұхбатта режиссер жуырда түсірген «Ашаршылық» атты деректі фильмі туралы, қазақ халқының ашаршылық жылдары көрген қасіреті туралы тың деректер айтады. «Биыл Үкімет ашаршылыққа 80 жыл толды деп атап өтіп жатыр. Меніңше бұл дұрыс емес. 1918 жылдары түркістанда қатты ашаршылық болған. Сол жылдары Түркістан автономиясына Қазақстанның оңтүстік өңірлері кіріп, онда 3 миллионға жуық қазақтар тұрған. Міне, сол Түркістан жерінде болған ашаршылық салдарынан миллионға жуық қазақ құрбан болды», - дейді ол. Одан әрі ойын өрбіте келе, 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтан 800 мың қазақ қырылғандығын айтады. «Биыл ашаршылыққа 80 жыл болды десек, 1932 жылдан бастаған боламыз. Сонда 1932 жылға дейінгі ашаршылық құрбандарын ұмыту қазақтығымызға, тіпті, адами қасиетімізге үлкен сын емес пе?!» - дейді Е. Рақышев. Одан әрі режиссер аталмыш деректі фильмді түсіру кезінде ашаршылыққа қатысты мұрағаттарда жатқан тың деректерді тапқандығымен де бөліседі. Сондай-ақ, сұхбатта қазіргі қазақ киносының мәселелері де талқыланған. *** «Алаш айнасы» газетінде «Моңғолиядан табылған көне домбыра сыры» атты мақаладан қазіргі Моңғолия жерінен табылған көне жәдігердің қазақтың қара домбырасының түп атасы екендігі туралы ғылыми тұжырымдама берілген. Бұл домбыраны әу баста моңғолдың Дандар деген бір шопаны 2008 жылы Моңғол Алтай жотасының бір сілемі - Жарғалант-қайырқан тауына мал жайып жүріп тауып алады. Кейіннен сол үңгірден 21 жебесімен қорамсақ табылған. Археологтар табылған жәдігерлерді Ұлан-Батырға әкеледі. «Содан бір жұмадан кейін осы жақтан экспедициямен мен бардым. Бірақ бастапқыда олар менен қызғанып, көрсеткілері келмеді. Дегенмен «тілін тауып» сөйлескесін жібіп, әлгі табылған саз аспабын көрсетті. Қарасам, өзіміздің шығыстың абай-домбырасына қатты ұқсайды. Тек мойыны майысып қалған. Моңғолдар оны өздерінің «ат-қобызы» («Морин-хуур») дейді. Бірақ онысына мүлде келмейді, - деген Қаржаубай Сартқожаұлы аспапты айналдыра қарағанда, оның тоғыз пернелі, қос ішекті домбыра екеніне шүбәсі қалмағанын айтады. Ал домбырадағы таңба Керей белгісінің болуы бұл пайымды нақтылай түседі. Онда кәдімгі көне түркінің бітік (руника) жазуы да бар екен. Соған қарағанда ғалымдардың ойынша, ол - ата-бабамыздың б.з. V-VII ғасырындағы домбырасы. Сондай-ақ, газет ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитетінің төраға міндетін атқарушы Нұрлан Өтешевпен болған сұхбатты жариялап отыр. Таяуда «Жас Отан» съезінде Елбасымыз жастарды қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар бергені белгілі. Сұхбаттағы негізгі әңгіме ауаны осы тақырыпқа арналады. Газеттің «Спорт» бетіндегі «Ұлттық ойынымыз - асықты неге ұмыта бастадық?!» деген мақалада қарағандылық газет тілшісі бүгіндері компьютерге байланған балаларды осы ұлттық ойын түрін ойнауға тартудың мектептік бағдарламасын жасауды ұсынады. Әсіресе, «Салауатты ұлт» бағдарламасы аясында. Өйткені біле-білгенге асық ойынының баланы дамытудағы алар орны ерен екен. Мысалы, сақаны қолға алып, бір аяққа тұрып, бір аяқты серпіп қалып асық атқанда, он екі мүше түгел созылады. Бұл - буын ауруларына қарсы жаттығудың түрі. Екіншіден, күллі жүйке, тамыр ауруларынан құтыласыз. Отырып-тұрып кенейді тіккенде, қан айналымы жақсарады. Сондай-ақ баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа тәрбиелейді деседі. Расында, асық ойыны - қазіргі педагогика тілімен айтқанда, таза дене-шынықтыру. Жүгіріп те аласыз, отырып-тұрасыз, көздейсіз, атасыз. Бір асық ойынының бойында спорттың барлық түрі сыйып тұр. Ғалымдар ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді. Осы бетте «Шетелден ұсыныс түссе, кетемін» деп сұхбат берген жас боксшы Олжас Сәттібаев өз әңгімесінде қолынан бір емес, бірнеше мәрте жеңісті жұлып алған әділетсіздік туралы ашық айтады. «Өткен жылы ел біріншілігінде алматылық Хабибулла Исмаил-Ахуновқа жығып берді. Жарайды дедім. 2011 жылы Спартакиадада қызылордалық боксшыға жеңісті қолымнан жұлып алды. Тағы да «жарайды» дедім. Олимпиаданың алдында Ілияс Сүлейменовті сүйреп шығарды. Оған да көндім. Енді міне, ел біріншілігінде тағы да сүріндірді. Жарайды деген сайын... Бұған қалайша шыдарсың?!», - дейді ашынған спортшы-жігіт.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін