Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары құнсызданып барады. Бұл туралы азаматтардың жинақтарын басқаратын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражаттың 99%-дан астамын басқаратын Ұлттық Банктің инвестициялық қызметіне жасалған шолуда айтылған. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығындағы нақты кірістілік -6,69%, ал соңғы 12 айда -1,78% болды. Бұл көрсеткіш зейнетақы активтерін басқаратын барлық инвестициялық портфель басқарушылар арасындағы ең төменгі нәтиже. Мұндай деректерді inbusiness.kz соңғы айда жарияланған есептерге сүйене отырып келтірген.
«2025 жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс көлемі (-)146,36 млрд теңгені құрады. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілігі -0,69% болды», — делінген Ұлттық Банктің 1 маусымға арналған есебінде.
Бұл теріс көрсеткіштер жыл басынан бергі инфляция 6% деңгейінде болғанына қарамастан орын алған. Сәуір-мамыр айларында 300 млрд теңгеден астам кіріс алынғанымен, инфляция мен нарықтағы жағдай бұл табысты толық жойып жіберген.
Ұлттық Банк түсіндірген себептер
Ұлттық Банк зейнетақы активтерінен алынған теріс кірістің негізгі себептерін атап көрсетті:
1. Мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құнының төмендеуі. Бұған инфляция мен инфляциялық күтулердің өсуі, сондай-ақ Қаржы министрлігі тарапынан облигациялардың артық ұсынылуы әсер еткен;
2. Теңге бағамының долларға қатысты нығаюы. 2025 жылдың басында бір доллар 525,11 теңге болса, мамырдың соңына қарай 510,81 теңге болды.
Мұның барлығы зейнетақы активтерінің қайта бағалануы нәтижесінде 664,7 млрд теңге көлемінде рекордтық шығынға алып келген. Тек мамыр айының өзінде бұл шығынға 73,12 млрд теңге қосылды. Егер бағалы қағаздар бағасы өзгермеген жағдайда, инвесткіріс шамамен 85,2 млрд теңге болуы мүмкін еді.
Мемлекеттік облигациялар және сұраныс тапшылығы
Сәуір және мамыр айларындағы кіріс құрылымынан мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) деген сұраныстың төмендігін байқауға болады.
«Мамыр айында ҚР МБҚ-ны орналастыру бойынша аукциондарда кірістіліктің өсуі байқалды. Жылдық инфляция 11,3%-ға дейін жеделдеді (сәуірде – 10,7%), бірақ айлық инфляция керісінше баяулап, 0,9%-ды құрады. Аукциондарда ұсыныс сұраныстан асып түсті. Қаржы министрлігінің қарыз алуы сәуірмен салыстырғанда 16%-ға артып, 744 млрд теңгеге жетті», – деп көрсетілген Ұлттық Банктің түсіндірмесінде.
Жекеменшік басқарушылар әлдеқайда тиімді
Ұлттық Банк басқаратын БЖЗҚ портфелі шығынға ұшыраса да, жекеменшік басқарушы компаниялардың (УИП) табысы салыстырмалы түрде жоғары болды. Бұл әсіресе валюталық активтерді ұлғайту есебінен мүмкін болып отыр.
Жыл басынан бері жекеменшік басқарушылар, әсіресе Halyk Finance, долларлық активтердің үлесін айтарлықтай ұлғайта бастады. Олар 2024 жылдың қорытындысы бойынша өз клиенттеріне 18,07% кіріс әкеліп, зейнетақы нарығында көш бастаған.
«2024 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелері бойынша Halyk Finance басқаруындағы валюталық активтердің үлесі екі есе артып, 32%-ды, ал 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 35%-дан, 1 сәуірге қарай 38%-ға жетті».
Компания басшылығы 2024 жылдан бастап валюталық диверсификация стратегиясын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Олар алдағы уақытта валюталық активтердің үлесін 50%-ға дейін жеткізуді жоспарлауда. Бұл теңге құнсыздануының тәуекелдерін азайтып, ұзақ мерзімді кезеңде клиенттерге жоғары пайда әкелуі тиіс.
Halyk Finance активтерінің 57%-ы қазақстандық эмитенттерге, 33%-ы АҚШ эмитенттеріне тиесілі. Сонымен қатар активтердің басым бөлігі мемлекеттік (>38%) және қаржылық (>37%) сектордағы құралдарға инвестицияланған, бұл қаражаттың қауіпсіздігін білдіреді.
2023 жылы да Halyk Finance зейнетақы активтері бойынша ең жоғары табыс әкелген басқарушы компания болды. Сол жылы салымшыларға бөлінген табыс номиналды мәнде 17,2%, нақты мәнде (инфляцияны алып тастағанда) — 7,4% болды.
Халық неге әлі де Ұлттық Банкке сенеді?
Зейнетақы активтерін басқаруда жекеменшік компаниялардың табыстылығы жоғары болғанына қарамастан, Қазақстан азаматтарының 99,9%-ы жинақтарын Ұлттық Банкте қалдыруда. Бұл салымшыларды жүйелі шығындардың тікелей қатысушысына айналдырады.
Айта кетейік, 2023 жылдың ортасынан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін жекеменшік басқарушыларға беруге заңмен рұқсат етілген. Бұл үшін жеткіліктілік шегіне жетудің қажеті жоқ.
Бұл мүмкіндікті пайдалану өте оңай:
1. ЭЦҚ арқылы БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетке кіру;
2. Аударуға қолжетімді соманы тексеру;
3. Компаниялар тізімімен танысып, лайықты басқарушыны таңдау;
4. Онлайн өтінім беру және ЭЦҚ арқылы растау.
БЖЗҚ және басқарушы компаниялар сайттарында инвестициялық қызмет туралы толық есептер қолжетімді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, 2023 жылы азаматтардың бұл мүмкіндікті елемеуі 800 млрд теңгеге жуық шығынға әкелді. Дегенмен, инвестициялық шешімдер қабылдар алдында нарық тәуекелдері мен компанияның сенімділігін мұқият бағалау қажет.
Қорытындылай келе, инфляцияның үдей түсуі мен мемлекеттік облигациялардың арзандауы Ұлттық Банк басқаратын БЖЗҚ активтерінің нақты табысын теріс аймаққа алып келді. Ал жекеменшік басқарушылар, әсіресе валюталық активтерге басымдық берген Halyk Finance, салыстырмалы түрде тиімді нәтиже көрсетті. Мемлекет ұсынған балама басқару мүмкіндігі кеңейсе де, азаматтардың басым бөлігі пассив күйде қалуда. Бұл қаржылық сауаттылық пен ұзақмерзімді жоспарлау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.