Зеленов ауданында екі бірдей өндіріс орны іске қосылмақ - БҚО - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зеленов ауданында екі бірдей өндіріс орны іске қосылмақ - БҚО

Зеленов ауданында екі бірдей өндіріс орны іске қосылмақ - БҚО

БҚО-ның Зеленов ауданында екі бірдей өндіріс орны іске қосылмақ.

  • 14 Шiлде 2011
  • 468
Фото - Caravan.kz

Щапов селолық округінің іргесіндегі шошқа кешенінің іргетасы өткен жылдың мамыр айында қаланған болатын. Бүгінде аталмыш құрылыстың 65 пайызы аяқталып қалған. Коммуникациялық жүйелер — электр желісі, су құбырлары тартылған. Еуропалық соңғы технологияларды алу үшін Польшаның «PIC» компаниясымен келісімшартқа отырған «Щапов» шаруа қожалығы талпақтанаудың Ландрас, Дюрок, Якмурн сықылды үш тұқымын өсірмек.

— Кешенде жеті секция болады. Бүгінде оның төртеуі толықтай әзір тұр. Құрылысты ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында толықтай аяқтап, іске қосатын боламыз, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Жақсылық Қадырәлиев.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Елбасының Үкіметке тапсырған басым бағыттарының бірі халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағышталған, батыс технологиясымен шошқа етін дайындайтын бұл кешеннің өнімдері облыс тұтынушыларына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де шығарылатын болады. Жылына 12 мың шошқа өсіруге арналған кешенде 30 шақты адам еңбек етпек.

Ал Көшім ауылдық округінің аумағында бройлер етін өндіретін құс фабрикасы ірге тебетін болады. «Жалын-құс» ЖШС-ның директоры Сабыр Ақмырзаевтың сөзіне қарағанда, аталмыш серіктестік иелігіндегі құс фабрикасына «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 3,8 млрд. теңге қаражат бөлінген. Мұнда жылына 6 300 тонна бройлер тауығының етін өндіру жоспарлануда. Көлемі 55 гектар жерді алатын фабрика аумағында 18 құс қорасы мен инкубатор және жем шығаратын цех іске қосылмақ. Инкубаторлар келісімшарт бойынша Бельгиядан әкелінбек.

Бұл бройлер құсының етін шығаратын Қазақстандағы екінші фабрика болмақ. Жоба бойынша фабрикада 150-ден астам адам еңбек ететін болады. Фабрикаға негізінен ауыл тұрғындары жұмысқа тартылмақ.

Соңғы жаңалықтар