Екі президент журналистердің көзінше дауласып қалған. Сол үшін Украинаның табиғи ресурстарын пайдалану бойынша келісім жасалмады. Бірлескен баспасөз мәслихаты да өтпеді. Украина президенті Ақ үйден шұғыл кетуге мәжбүр болған.
Бұған байланысты қазақстандықтар қандай пікірде? Оны Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
«Президентімізге алғыс айтқым келіп отыр»
Екі тараптың кездесуін көрген Заңгер Айгүл Орынбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
«Мына сөз таласты көріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келіп отыр. Саясатты түсінбей кейде күңкілдеп жатамыз, “әр елге неге шаба береді”, деп. Әрбір шабыс халықтың бейбіт өмірі үшін екенін біріміз білсек, бірі білмейміз. Зеленскийдің бүгінгі әңгімесін естіп жүрегім ауырып кетті. Жерден, қазба байлықтан, халықтан, жалпы бүтін бір мемлекеттен айырылып қалу қандай қиын. Әлем соғыс отына тұтанып тұрғанда, барлық елмен қарым-қатынасты бұзбай ұстай білуде үлкен өнер екен»
«Біз Укрина халқының бастан кешіп жатқанын түйсіне алмаймыз»
Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила мынадай пікірде:
«Бір досым «Зе молодец, Трампқа басын имеді, кеудесін бастырмады» дейді.
Мен «Молодец деп, Трамп не десе де, намысын бір жеріне тығып қойып, қалай да келіссөзге келіп, соғысты тоқтатудың амалын тапса молодец деп айтуға болады, соғыс жалғасып жатыр ғой» дедім
Ол өзінікін дәлелдеп болмады. Содан кейін мен «Біздің Президент осындай келіссөзге барды делік. Сол жерде соғыс бола ма, жоқ па шешілейін деп жатыр делік. Ол өз кеудемді бастырмаймын деп, анаумен дауласып, соғыс ашатын болып келді делік, сен жалғыз ұлыңа ертең қару беріп соғысқа жіберуге дайынсың ба? » деп едім, ойланып отырып «Соғыс тұрмақ әскерге де жібермедік жалғыз ұлды, соғысқа қалай жіберем деп айта алам» деді
Біз Укрина халқының бастан кешіп жатқанын түйсіне алмаймыз, сырттан айтақтау оңай әрине
Әрине қазір жағдайдың қалай болып кетерін ешкім дәл айта алмайды. Мүмкін Европа көмектесер, мүмкін көмектесе алмайды
Бірақ менің пікірім сіздікімен қайшы келді деп екі қазақ жауласқаннан біз не ұтамыз?
Әркім өз ойын, өз пікірін айтуға құқысы бар. Менің пікірім сіздікімен сай келмей жатса, мен сіздің жауыңыз деген сөз емесс, ол жай ғана «МЕНІҢ ПІКІРІМ СІЗДІКІМЕН СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ» деген сөз!
Сол үшін бір-бірімізге жаман сөз айтып, қорлаудың еш қажеті жоқ ағайын. Біздің жазған постымыздан соғыс тоқтап та қалмайды, өршіп те кетпейді
Бірақ осы арқылы саяси сауатымыз ашылады, еліміздің болашағын шешуге халық болып сауатты түрде ат салыса аламыз»
«Әділет деген Трамп сияқтыларға бейтаныс сөз»
Журналист Сәуле Әбілдаханқызы Украин президенті Владимир Зеленскийге қолдау білдірді.
«Зе жарады. Трамп дипломатиялық келіссөзге емес, тұқыртуға, «чумарить» етуге, сындыруға, рекэттік жолмен тартып алуға шақырғаны анық көрінді. Ондайға көнетін Зе ме? Дух ұрып тұр ғой, жәнееем әшейін.
Ал әділеттілік деген — Трамп сияқтыларға бейтаныс сөз. Құдайдың бір аты — Әділет. Түбі Әділет жеңеді. Әділет Зе жақта. Зеленскийге, украин халқына құдай қуат берсін!
Әділеттілік деген сөз бар. Бұл сөздің мән-мағынасын, құнын әлі ешкім жойған жоқ!»