Жарияланды: 590

Ж. Досқалиевтің ісі бойынша айыпталушылардан жауап алу басталды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша төрт айыпталушыдан жауап алу басталды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бірінші медициналық академияның шаруашылық істері жөніндегі проректоры Нұрлан Дүйсалиевтен жауап алынды, ол ЖОО-ның бұрынғы ректоры – Ж. Досқалиевке ақша беруде төрт рет делдалдық жасаған. Үш рет ақшаны Астанада медакадемияға тиесілі жер телімінде көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізген «Астана – КБТ» ЖШС-інің директоры Қайрат Кенжин берген. Бұл жер телімін оған медакадемияның бұрынғы ректоры құрылыс жүргізу үшін берген. Мұның орнына құрылыс жүргізуші оқу орнының оқытушыларына төмендетілген баға бойынша бірнеше пәтер бөлетін болған. Н. Дүйсалиев 21 маусымда басталған жауап алу кезінде 2004 жылдың тамызында мемлекеттік медакадемияға бас инженер болып жұмысқа қабылданғанын, кейін әкімшілік-шаруашылық жұмыс жөніндегі проректор қызметіне тағайындалғанын айтты. Сол кезде Ж.Досқалиев оны Қ.Кенжинмен таныстырып, «құрылыс жүргізушіге 179 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді, сондай-ақ, пәтерлерді, соның ішінде 5 пәтерді өткізуге көмек көрсетуді» тапсырады, соңғы 5 пәтер бойынша «мәселені тезірек шешу қажет болды». «Бұл 5 пәтердің сыйақы екенін маған Кенжин де, Досқалиев те айтқан жоқ», - деді Н.Дүйсалиев. Алайда кейін адвокаттардың сұрақтарына жауап беру барысында ол: «Кенжиннің сөзінен түсінгенімше, 5 пәтерді сатудан түскен ақша Досқалиевке сыйақы ретінде берілуге тиіс. Ал Досқалиевтің өзі маған бұл туралы айтқан жоқ... Кенжиннің кеңсесінде болғанда бұл не қылған 5 пәтер және неге оларды сатумен біз айналысуға тиіспіз деп сұрадым. Кенжин маған пәтерлер Досқалиевтікі екенін айтты». Сотталушының айтқанына сәйкес, Қ.Кенжин бұл пәтерлерді Н. Дүйсалиевтің таныстарына сатуды ұсынған. Және «егер таныстарының біреуі осы үйден пәтер сатып алғысы келсе, үлестік қатысу немесе сатып алу келісімшарттарына отыру үшін оған жіберуді» ұсынды. Кейін 5 пәтердің 4-еуінің иелері болып бұрынғы проректордың таныстары атанды. Н. Дүйсалиев құрылыс жүргізушіге бір пәтер үшін ғана ақша берілген кезде ғана болғанын нақтылады. Н. Дүйсалиевтің айтуынша, Қ. Кенжин пәтерлерді таныстарына сатқаннан кейін үш рет ««Жәкеге ақшыл түсті полиэтилен пакеттерге оралған ақшаны» үш рет беріп жіберген. Екі рет пакетте ҚР ұлттық валютасы, үшінші рет АҚШ доллары түрінде ақша болған. «Онда қанша ақша болғанын білмеймін, есептеген жоқпын. Кенжин бұл пәтердің ақшасы деді, сомасын атаған жоқ. Осыдан кейін мен Жақсылық Ақмырзаұлына телефон соғып, қайда жүргенін сұрадым. Ол үйінде екенін айтты. Мен қазір үйіне келетінімді айттым. Үйіне бардым. Досқалиевке оған бұл пакетті Кенжин беріп жібергенін айттым», - деді ол. Ж. Досқалиевтің және адвокаттардың ақшаны беруден неге бас тартпағаны және бұрынғы ректордан бұл ақшаны алу керек пе деп неге сұрамағаны туралы сұрағына Н. Дүйсалиев тура жауап берген жоқ. Сондай-ақ, Н. Дүйсалиев салынып жатқан үйден екі бөлмелі пәтер алғысы келген Қасенованың ақшасын бергенін айтты. Бірақ ол ақшаны құрылыс жүргізушіге емес, Ж. Досқалиевке берген. Қасенова жауап алу кезінде бұл жағдайды жоққа шығарды. Н. Дүйсалиев «өз сөзіне ғана жауап беретінін» айтты. Сонымен қатар, жауап алу кезінде шаруашылық істер бойынша бұрынғы проректор 2004-2008 жылдары медакадемияда жұмыс істеген кезде Т70 мың көлемінде ай сайын жалақы алғаны анықталды. Осы уақытта ол басқа құрылыс компаниясы салған, пәтерлері медакадемия қызметкерлеріне үлестірілген үйденТ5,5 млн-ға 3 бөлмелі пәтер сатып алған, ал оның туыстары Қ. Кенжиннен кеңсе сатып алған. Н.Дүйсалиевкеңсенің «коммерциялық бағамен» сатып алынғанын айтты. Бұдан басқа, ол 2008 жылы Шұбарлы ықшам ауданында $100 мыңға коттедж, Лексус RS300 және Митцубиши Паджеро маркалы көліктерін сатып алған. Мұның алдында 2000-2001 жылдары Н.Дүйсалиев «Қытай қорғаны» тұрғын үй кешенінен пәтір сатып алған. Бүгін сотта қалған сотталушылар: денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Болат Сыдықов, «MDS Company» ЖШС-інің директоры Тойғанбаев, Жақсылық Досқалиевтен жауап алынады. Экс-министр Ж. Досқалиевке билігін асыра пайдаланды, пара алды, мемлекетке Т673 млн көлемінде шығын келтірумен және Т2,4 млрд бюджет ақшасын талан-таражға салумен қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды деген айыптар тағылып отыр. Еске сала кетейік, тыңдау алқа билердің қатысуымен ашық режимде өтіп жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін