Бұл іске біздің ғана емес, әрбір қазақстандықтың атсалысуы керек. Бұл туралы бүгін Алматыда М.Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясында ҚР Парламент Сенатының депутаты Жұмабек Төрегелдинов Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға арналған кездесу барысында айтты.
Жиынға аталмыш оқу орнының ректоры Әділбек Ботабеков, академияның ұстаздары мен студенттер қауымы қатысты. Кездесуде Елбасы Жолдауы талқыланып, студенттер Парламент Сенатының депутатына өз сауалдарын қойды.
«Елбасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында, 2020 жылға дейін еліміздің экономикалық жаңғырту және әлеуметтік модернизациялауға қатысты, бірнеше басым бағыттарды атап өтті. Онда халқымыздың әл-ауқатын жақсартып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, білім сапасын арттыруға, сапалы ауызсумен қаматамасыз етуге, тұрғын үй мәселелерін шешуге көп көңіл бөлінген. Біздің бағытымыздың, ұсынылған реформамыздың дұрыс жолда келе жатқандығына еліміздің жеткен жетістігі дәлел бола алады»,-деді ол кездесуде.
Әр сала бойынша Жолдауда көрсетілген басты міндеттерді, жеткен жетістіктерімізді атап өткен депутат: «Жолдау ең алдымен жастарға, мына Сіздерге бағытталған. Біз салған жолды іске асыратын сіздерсіздер. Болат жол магистралінің болашақ мамандарының алдында үлкен міндеттер тұр. Олар — отандық ауыр және жылжымалы құрамаларды шығару мен жөндеу, жылдам, тез жүретін теміржол магистральдарының құрылысын жүргізу, еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыру және тағы да басқа міндеттер бар. Осы отырғандардың біріне жақын арада жоғары жылдамдықта жүретін пойыздың, Алматы мен Астананы жалғастыратын теміржол құрылысына қатысу мүмкіндігі тұр. Ол аралықтың ұзақтығы 4 сағат болмақ. Ол әрине, жоғары, жаңа білікті мамандарды қажет етеді. Сондықтан, таяу уақытта осы пойыздың қозғалысын қамтамасыз ету сіздерге, жас және білікті мамандарға жүктелетін болады»,-деді Сенат депутаты.
М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ректоры Әділбек Ботабеков: «Қаңтар айының соңында мұғалімдердің, академия қызметкерлері мен студенттерінің қатысуымен мәжіліс өткізіп, Елбасы Жолдауын талқыладық, ой-пікірімізді газет басылымдарына айтып жатырмыз. Сонымен қатар, студенттер арасында дөңгелек үстел отырыстары да өтті»,-деді.
Кездесуде Жұмабек Төрегелдинов сонымен қатар, Үкіметте «Студенттік тұрғын үй» бағдарламасы жасалынып жатқандығын айтты.