Сәуірдің 10-ы күні барлық қарсыластарын ұтқан қазақстандықтар дүйсенбі күні 2 кездесуде жеңіске жетіп, екеуінде жеңіліс тапты. Атап айтқанда, Татьяна Машкова мен Ирина Цимбаловадан құрылған «Қазақстан-1» командасы «Австралия-1» командасына 0:2, Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешовтен құралған «Қазақстан-2» 1:2 есебімен есе жіберді. Олардың командалас серіктері Бақытгүл Самалықова мен Марина Пилипенко («Қазақстан-2») Вьетнамның 1-командасынан 2:1, Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренко («Қазақстан-1») Индонезияның 2-командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Кеше қазақстандықтарға жарыс кестесі бойынша демалыс күні болған еді. Енді бүгін өзге командалармен бірге тағы бір күн тыныққан соң, ертең олар турнирдің екінші кезеңінде сайысты одан ары жалғастыратын болады. Жалпы бұл байрақты бәсекеге Азияның 13 елінен ерлерден — 24, әйелдерден — 22 жұп қатысқан болатын. Жарыстың жүлде қоры — 30 мың АҚШ долларын құрайды.