Қазақ еліне көптеген жүлде сыйлап, еліміздің абыройын асқақтатқан спортшымен Caravan.kz порталының тілшісі сұхбаттасты.
— Жайна сізді көпшілік чемпион ретінде біледі, дегенмен де отбасыңыз, жеке өміріңіз туралы бейхабар?
— Мен Шекербекова Жайна, Шардара ауданы, Достық ауылында 1989 жылы 17 желтоқсанда өмірге келгенмін. Сол жерде қарапайым отбасында туып өстім. Анам — мұғалім, әкем- ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. Отбасымызды 3 қыз, 1 ұл. Ең үлкені мен боламын. 9-сыныпқа дейін “Достық” орта мектебінде оқыдым, одан кейін Шымкентте “Фемида заң” колледжіне оқуға түстім. Сол колледже оқып жүріп, спортқа қызықтым. Бос уақытымды спортпен айналысайыншы деген ниет болды. Мектеп кезінен мен баскетболға қызығатынмын. Содан баскетболға жазылайын дедім де бардым. Алайда мені ол спорт түріне қабылдаған жоқ.(күліп) Бойыңыз кішкентай, баскетбол талаптарына сай келмейсіз деді. Сол жерде орыс тренер болған қанша жалынсамда алған жоқ. Одан соң сол залдың жанында “Киг-боксинг” бөлімі бар екен. Соған барып шамалы қарап тұрдым, және ол спорт түрі маған қатты ұнап қалды. Ол жерде бойға қарамайды, солай спорт тарихымды сол бөлімнен бастадым.
— Алғаш рет сізді боксқа баулыған ұстазыңыз кім?
— Менің алғашқы ұстазым — Виктор Иосифович деген мықты кісі болатын. Мен киг-боксинтен бастаған сәтімнен бастап сол кісі мені қолдады, әрі қарай мені спортқа баулыды. Екі жыл сол бөлімде болдым және ол жерде “спорт шебері” деген атақты иелендім. Алғаш иеленген кезде қатты қуандым және сол қуанышпен әрі қарай еңбек ете бердім. Даму керектігін түсіндім.
Ұстазым — Виктор өте мықты бапкер болды. ССР кезінде бокстан жаттықтырған кісі. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтыруышысы. Сол кісі 2009 жылы алғаш рет әйелдер арасынан бокстан хабар есітіп маған айтты. Алматы қаласында әйелдер арасында чемпионат болады екен, қатысып көрейік деп ұсыныс тастады. Мен қуана қабыл алдым, өйткені киг-боксингтен қарағанда бокс дамып жатқан спорт түрі болып есептелінетін. Содан Алматыға барып 51 келі салмақтағы әйелдер арасынан топ жарып алға шығып, “Ұлттық құрамаға” енген едім.
— Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз? Үлттық құрама сапында әлі барсыз ғой?
— Қазіргі таңда әрине мен әлі де ұлттық құрама сапында өнер көрсетемін. Олимпиадалық кезеңдерге қызу дайындықтар жүріп жатыр. Біз күні кеше Астанадан келдік. Оқу-жаттығу жиындары болды соларды өткізіп келдік. Өздеріңіз білесіздер Араб әмірлігі мемлекетінде “Азия чемпионаты” өтіп жатыр. Сол жердегі қатысып жатқан қызымызға қолдау көрсетіп , көмектесіп оқу-жаттығуында болдық. Қазір үйге келдік, әлі де жаттығу жалғасып жатыр.
— Жеке өзіңізге келіп бокс үйренгім келеді, шәкіртіңіз болғым келеді дейтін жастар бар ма?
— Маған қазірдің өзінде ұсыныстар көп жасалады. Ауылда әсіресе Жайна сен келіп спорт мектебін ашсаң, біз балаларымызды саған берсек, сен жаттықтырушысы болсаң жақсы болар еді деп. Әрине ол мені қуантады. Шын жүректен қуанып, сол сәтте спорт мектебін ашқым келеді. Дегенменде мен бапкер болуым үшін барлығын өзім толық үйреніп, өзгеге үйрететін дәрежеде болуым керек. Сол кезде ғана қорықпай мен балаларға жаттықтырушы бола аламын. 100% дайын болғанда мен міндетті түрде бұл сұрақтардың шешімін табамын. Әзірге өзім ізденіс үстіндемін.
— Сіз сияқты қыз баласына бокспен шұғылдану ауыр емес пе?
— Қазақ қызына спортта жүру өте қиын. Шыдамдылық, еңбек керек. Алғашында кәсіби түрде айналысамын деп ойлаған жоқпын. Кейін жақсы нәтиже көрсете бастаған соң, шаршы алаңнан бақытымды табарыма сендім.
— Спортта сізге үлгі болған тұлға кім?
— Марқұм Бекзат Саттарханов. Біздің бала кезімізде сол кісі Олимпиада чемпионы атанып, қаншама адам сол биіктен көрінсем деп армандады. Менің де үлкен боксқа келуіме Саттархановтың ерлігі себеп болды.
— Қыздарға қанша жастан бастап бокспен айналысқан дұрыс деп ойлайсыз?
— Жалпы спортқа қатты қызыушылығы болса, менің ойымша жеті немесе сегіз жастан бастап спортқа келсе болады. Келіп бірден олимпиадаға қатысады деген сөз емес әрине. Оларда қаншама дайындықтар мен жаттығулар бар. Физикалық, психологиялық дайындықтардан өтеді. Үздіксіз еңбектене берсе болашақта қызыққан баладан міндетті түрде атақты чемпион шығары сөзсіз.
— Қыздары боксқа қызыққан ата-аналарға айтар кеңесіңіз бар ма?
— Егер балалары ұнатып тұрса неге бермеске?! Егер қатты қызығып тұрса спортқа, ата-анасы қарсы болғаны дұрыс емес. Жалпы спортта ғана емес, барлық жерде бала үшін ата-ананың қолдауы өте маңызды рөл атқарады. Ол керек. Балаңыз спортты қалап тұрса бетін қақпай, белін буыңыз дегім келеді. Егер мені тыңдайтын ата-ана болса балаңызға қолдау көрсетіңіз, әрі қарай дамуына ықпал етіңіз. Қызыққан бала талмай еңбек етеді, шаршамайды. Ертең еліміздің абыройын асқақтатар азамат пен азаматшалар болуына мен кәміл сенемін. Үздіксіз еңбектің арқасында болашақта чемпион болып жатса ең алдымен Аллаға содан соң ата-анаға үлкен рахмет айтатын болады. Баласын әрқашан ата-ана қолдаса онда перзентінің жетер жетістігі өте көп болады мен оған сенемін. Сондықтанда өз балаңыздың таңдауына сеніңіз, қарсы шықпаңыз, қолдау көрсетіңіз.
— Әлеуметтік желіде белсенді қолданушысыз ба?! Қанша желіге тіркелгенсіз?!
— Мен әлеуметтік желіде өзімді өте белсендімін деп айта алмаймын. Аса бір қатты қызығушылығым да жоқ екен шынымды айтсам. Дегенменде ара-арасында сурет, видео жүктеп қоямын. Инстаграм әлеуметтік желісіне тіркелгенмін. Басқа желілерде жоқпын.