Жалпы отырыста зияткерлік меншік, нотариат, экологиялық мәселелерге қатысты заң жобалары талқыға түсті - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+28 °C
Алматы
2024 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жалпы отырыста зияткерлік меншік, нотариат, экологиялық мәселелерге қатысты заң жобалары талқыға түсті

Жалпы отырыста зияткерлік меншік, нотариат, экологиялық мәселелерге қатысты заң жобалары талқыға түсті

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар заң жобалары мақұлданды.

  • 22 Маусым 2011
  • 583
Фото - Caravan.kz

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түсті.

Атап айту керек, осы заң жобасымен зияткерлiк меншiк құқығы мәселелерiн реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу көзделген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне енгізіліп отырған өзгерістер әртүрлі тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді дараландыру құралдарының тіркеу басымдығын заңнамалық деңгейде реттеуге бағытталған, өйткені қазіргі таңда бір-біріне ұқсас немесе араласып кеткен дәрежеге дейін бірдей тауар таңбалары мен фирмалық атауларды тіркеу барысында мәселелер туындайды. Бұдан басқа, жобаға сәйкес кез келген тұлға уәкілетті органға тауар таңбаларының пайдаланылмауына байланысты оны жарамсыз деп тану туралы қарсылық беруге құқылы болып табылатын тауар таңбаларын пайдаланбау мәселелері бойынша заңнамалық актілердің нормаларын бірдей қолдану көзделіп отыр.

Заң жобасында көзделген өзге де заңнамалық актілерге түзетулер ішкі қарама-қайшылықтарды жоюға, патенттік сенім білдірілген өкілдердің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуге, сондай-ақ өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі шарттарының бірі ұлттық заңнаманың нормаларын ДСҰ шеңберінде жасалған Зияткерлік меншіктің сауда аспектілері бойынша (ТРИПС) келісімнің талаптарына сәйкес келтіру болып табылады.

ТРИПС Келісімі зияткерлік меншік құқықтарының барлық дәстүрлі түрлерін — авторлық құқықтарды, сабақтас құқықтарды, өнеркәсіптік меншікке құқықтарды, оның ішінде тауар таңбаларын және географиялық көрсеткіштерді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған және осы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттер үшін міндетті стандарттарды айқындайды.

Осыған байланысты «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар тауар таңбалары мен географиялық көрсеткіштерді тіркеу басымдығын реттейтін нормаларды жетілдіруге және заңнаманы халықаралық құқық нормаларымен үйлестіруге бағытталған.

Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша қорытындыларын берді, ал Мәжіліс депутаттары бірқатар ұсыныстар мен ескертулер енгізді, олар жұмыс тобының және Комитеттің отырыстарында егжей-тегжейлі қаралды. Заң жобасына ұсынылған түзетулер салыстырма кестеде жазылған. Заң жобасы заң техникасы қағидаларына сәйкес келтірілді.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Келесі кезекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы хаттаманы бекітуді көздейтін екі заң жобасы қаралып, толықтай мақұлданды.

Сондай-ақ бүгін «Нотариат туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобасы талқыланды.

Осы заң жобасы нотариаттық қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын бірқатар нормаларды алып тастау мақсатында әзірленді, оның ішінде нотариустардың бос орынына орналасуға кандидатураларды конкурс арқылы іріктейтін және олардың санына шектеу қоятын нормаларды алып тастауды көздейді.

«Әкімшілік тосқауылдарды азайту мақсатында біліктілік емтиханын қабылдау жүйесін Әділет департаменттеріне бере отырып, оны орталықсыздандыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, біліктілік комиссиясының жұмысын ашық етуге және оның қабылдаған шешімдерін объективті етуге бағытталған нормалар қарастырылып жатыр. Депутаттардың ұсыныстары бойынша нотариаттық тарифтердің қатаң ставкалары белгіленді, ол халық үшін де, мемлекет үшін де ыңғайлы болып отыр. Бұдан басқа, ол жосықсыз бәсекелестік үшін алғышарттарды болдырмауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға шығарылды.

Бұл заң жоба Парламент Мәжілісіне 2001 жылғы 12 қаңтарда келіп түсті. Заң жобасымен Экологиялық, Қылмыстық, Салық, Бюджет кодекстеріне, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске және басқа да заңнамалық актілерге жинақталған қалдықтар көлемін азайтуды ынталандыру; экологиялық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту; Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына Киото хаттамасының құқықтық тетіктерін енгізу; еліміздің гидрометеорологиялық қызметінің жұмысын реттейтін нормаларды жетілдіру жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.