"КАРАВАН" газетінің редакциясына Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Сортөбе ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Айша Дәуірова келді. Оның сөзіне қарағанда Қытайға жиhаз алу үшін кеткен 21 жастағы ұлы Нуоманды Үрімші қаласында ұрлап кеткен.
— Нуоман 2011-2012 жылдары Қытайдағы колледже оқыған. Үздік түлек ретінде грантқа түсіп, ханзу тілін меңгеріп алған, — дейді Айша.
— Сәуір айында жиhаз алу мақсатында Қытайға барған оның қалтасында 3000 доллар болды. Үрімшіде жүргенде үшінші күні оны сол елдегі ортақ танысымыз қытай қызы қонаққа шақырады. Ол өзін Маша дейтін. Алматыда онымен үлкен ұлым біраз жұмыс істеген. Машаның ұлы бірнеше мәрте тауар алған. Бірақ ақшасын толық төлеген. Маша қолхат жазған болатын. Ал өзі Алматыға келгенде екі мәрте біздің үйде қонақта болып кеткен. Қытайға келгенде қонаққа келіңдер деген еді. Сыйлағандарың үшін рахметім деп ұлымды үйіне кешкі асқа шақырған. Кейін жеткізіп салмақ болады. Жолда көліктеріне үш ер адам отырады да, бөтен үйге келеді. Ұлымды күштеп кіргізген олар оны сол жерде соққыға жығады. Балам есін жиған кезде әлгі Маша 190 мың доллар қарызбын деген мағынада қолхат жаздыртып алған. Жазбасаң өлтіреміз деп қорқытқан. Тек екінші күні ғана телефонын қайтарып, бізге қоңырау соғуды талап еткен.
Полициядағылар куә жоқ дейді
Айша Дәуірова Қытайдағы танысына хабарласып мән-жайды айтқан соң ол полицияға арыз жазып, Машаның нөмірін де берген.
— Полиция екеуін де бөлімшеге шақыртады. Олар Нуоманға Машаға қатысты талап арызың болмаса кете беруіңе болады деген. Біз билет алып үйге қайт дедік. Бірақ Машаның қолхат жаздыртып алғанын білмедік, — дейді Айша.
Әйтседе бір сағаттан соң Маша полициямен қонақүйге қайта келіп қолхатты көрсетеді де төлқұжатын тартып алады. Ал Нуоманның соққыға жығылғаны жайлы дәрігерлік анықтамасы болса да полиция арызын қабылдамай қояды. Себебі, күшпен жаздырып алғанын дәлелдейтін куә жоқ дейтін көрінеді. Ал қытайлардың қонақүйде соққыға жыққаны түсірілген видео өшіп қалған. Ол тек бір ай ғана сақталады. Сот ісі болса сәуірден бері белгісіз себептермен кері шегеріліп келеді екен.
КАРАВАН тілшілері Нуоманмен телефон арқылы тілдесіп көрді
Оның айтуынша, мамыр айынан бері қонақүйде отыр.Үрімшідегі Қазақстан консулдігі арызды Пекинге жіберген көрінеді. Әзірге хабар жоқ. Ал консулдық қызметкерлерінің ешқайсысы қонақүйге келіп жолықпаған. Бұған қоса 20 мың юанға жалдаған адвокат та хабарсыз кеткен.
Ал еліміздің Сырты істер министрлігінің ресми жауабында Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен визалық қызметіне Нуоман Дәуіров ісі бойынша тапсырма берілгені, істің Қытайдағы консулдықтың бақылауында екені ғана айтылған.
Ақшасыз, адвокатсыз қалған қазақ жігітіне дипломаттардың не үшін келіп жолықпайтыны түсініксіз.Нуоман тұтқында емес, қонақүйде. Елшілік Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауға тиісті емес пе?