Самал Сансызбаева өртенген үйіне күнде келеді. Жанып кеткен баспанасына қарап, көз жасына ерік беруден басқа амалы жоқ. Лезде тұтанған жалын дүние-мүліктің түгін қалдырмаған. Тілсіз жаудан ұл-қыздары да құрбан бола жаздапты. Үлкен қызы Айгүл өзінен кейінгілерді шарпыған оттан құтқарған. Бауырларын ажалдан арашалаған бесінші сынып оқушысы өз үйін қатты сағынып жүр.
Айгүл Тілеуқұл:
-Өз үйімде сабағымды оқып, күнде достарыммен сыртқа шығып ойнайтынмын. Кейде інілеріммен ойнайтынмын. Оларға ертегі оқитынмын осы үйде.
Содан бері бұл отбасы әркімнің босағасында жүр. Мектеп ұжымы мен ағайын-туыстары бес баланы киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Уақытша баспана тауып берген де сол жақындары. Алайда бұл жердің жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Суды көршіден тасып ішіп, кеш бата білте шамды тұтатуға мәжбүр. Өзі де, отағасы да жұмыссыз. Балалардың жәрдемақысы күндері қарап отыр. Сондықтан өз күштерімен өртенген үйлерін қалпына келтіре алмаған. Жәрдем сұрап Шу қаласы әкімдігіне де барған екен. Ал, ондағылар аудан әкіміне сілтепті.
Самал Сансызбаева, көпбалалы ана:
-Төле биге барыңыз дейді. Төле биге екі апта кезекке тұрып әкімге кірдім Нұркеновке, Нұркенов айтты 175 мың ақша беремін одан басқа көмегім жоқ деді. Болды осылай айтты бітті.
Самал Сансызбаева әкімдік ұсынған қаражат жыртығымды жамауға жетпейді дейді. Сондықтан биліктен қосымша көмек қаржы сұрап отыр. Ал шенеуніктер бұл жолы да тек уәде берумен шектелді.
Арыстан Алтынбек, Шу қаласы әкімінің орынбасары:
-Бұл отбасының жағдайымен жақсы таныспыз. Біздің тарапымыздан берілетін тиісті қаржысы түсті. Енді кәсіпкерлерді тартсақ дейміз. Сондай-ақ, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеміз деп отырмыз.
-Жуырда көп балалы отбасының далада қалатын түрі бар. Себебі уақытша тұрып жатқан баспананы бір айдың көлемінде босатып берулері тиіс. Ал, тілсіз жау сау-тамтығын қалдырмаған үйде тіршілік ету тіптен мүмкін емес. Биліктен үмітін үзгендер енді қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.