Жамбыл облысында болған дауыл салдарын жоюға 500-ге жуық әскер жұмылдырылды
![]() |
Жамбыл облысында орын алған күшті дауылдың салдарын жою үшін «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылық бөлімшелерінен 50-ден астам әскери техникалар мен 500-ге тарта әскери қызметшілер тартылды. |
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жамбыл облысына аттанған үкіметтік комиссия құрамына ҚР Қорғаныс министрлігі Штаб бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов та енген болатын. Ал қазіргі таңда төтенше жағдай орын алған аймақта әскери қызметшілер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығы әскерінің басшысы Талғат Қойбақов басқаруда.
«Апат туралы ақпарат жеткен алғашқы сағаттан-ақ электрсіз, жылу мен газсыз, сусыз қалған жұртшылыққа жәрдем беруге Тараз қаласынан Қаратау мен Жаңатас қалаларына жанармайман қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, су жеткізу мен техникаларды тасымалдау үшін әскери машиналар жіберілген болатын. Апат аймағында МТЛБ машиналары, эвакуациялық ауыр жүк көліктері, КП-130 дала асханалары, автоотын тасымалдаушы машиналар, жүк көліктері және басқа да арнайы техникалар жұмылуда», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мәліметтерге қарағанда, ауыр техникалардың көмегімен Күйік асуындағы қар құрсауында қалған 40-тан астам көлік шығарылған. Ал кеше кешкісін жолдарды қардан тазарту жұмыстарына тау-атқыштар бригадасы да қосылған. Сондай-ақ, аймаққа келісімшартпен қызмет ететін 200 әскери қызметші де тартылған. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін