Жарияланды: 400

Жамбыл облысында дүлей дауылдан жұрт жарықсыз, жылусыз қалды

Жамбыл облысында дүлей дауылдан жұрт жарықсыз, жылусыз қалды. Демалыс күнгі желден жапа шеккен әсіресе Сарысу мен Талас аудандары. Мұнда түбімен қираған ағаштар электр желісін зақымдап, тұрғындар екі тәулік жарықсыз отырған. Ал Қаратауда орталық қазандықтың биік мұржасы желге шыдамай құлап, 50 мыңнан астам тұрғыны бар шаһар жылусыз қалды. Сондай-ақ, дүлей жел әлеуметтік нысандар мен жүздеген тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Апат салдарымен күреске қазір төтенше жағдайлар қызметімен қатар әскерилер де жұмылдырылуда.

Жаңа жылдың қарсаңында Қаратауда қатты жел соғып, жұртты әуреге салған еді. Табиғаттың тосын мінезі қайта қыр көрсетті. Бұл жолғы дауыл секундына 50 мерге дейін жеткен. Шаһардағы мемлекеттік мекеме, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатыры дүлей желге төтеп бере алмады.

Бақыт Андосов, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Бүкіл қаланы қиратып тастады. Қаланы жүріп шықтым, соғыстан кейінгі жағдай сияқты.

Салтанат Базарбекова, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Есіктің алдына шығуға мүмкіншілік болмады. Есікті аша алмадық. Терезе сақырлағанда, терезе құлап түсетін шығар дедік. Біздің төбеміздің шатырын үшінші рет жауып, үшінші рет жұлып кетті ғой.

Осыдан бір ай бұрын пайдалануға берілген балабақшаның бүгінгі келбеті мынау. Мектепке дейінгі мекеменің шатыры жұлынып, жерге түскен. Орталық аурхананың да төбесі де желге төтеп бере алмады. Оның үстіне жылу мен жарық та жоқ.

Сәкен Сыдық, Талас аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- 85 науқас болған сол күні. Жақсаруға келіп жатқандарды үйлеріне тараттық. 35 науқасты Тараз қаласы, облыстық аурухана және инфекциялық ауруханаға жеткіздік. Жапа шеккен адамдар келіп жатыр. Бүгін 14 адам тіркелді, кеше 7 тіркелген.

Дауылдың екпіні күшті болғаны соншалық, жылу орталығының 60 метрлік мұржасын құлатқан. Салдарынан 50 мыңнан астам тұрғын жылу мен ыстық судан қағылды. Жұрт мұздай үйде екі күннен бері тоңып отырды.

Күнбибі Торғаева, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Үйде бір жарым айлық нәрестем бар, су жоқ, ыстық су да жоқ, жарық  жоқ, жылу да жоқ. Байланыс жоқ, телефон жоқ. Енді жылу жоқ, ол қай уақытта қосылады, қалай жансақтаймыз? Суды таксимен әкелдік.   

Екпінді жел жүзден астам жоғарғы кернеулі электр бағаналарын да құлатып, желілер үзілген. Соның кесірінен Сарысу мен Талас ауданы толығымен қуат көзінен ажыратылды. Мұнда интернет пен телефон байланысы да жоқ. Қазір аймақта вице-премьер Қырымбек Көшербаев бастаған арнайы комиссия жүр. Ал апат салдарымен күреске әскерилер де жұмылдырылған. Баспаналары бүлінген қараша құтқару штабының алдына шу шығарып келді.

- Жөндеу жұмыстарын жасауға көмек береді тегін...

- Қашан? Сенбейміз. Ешқандай көмек жоқ. Комисся деген санамай ма оны. Неге алдайсыздар бізді? Не суымыз, не жылу жоқ. Ешкім келген жоқ әлі.

- Облыс әкімінің орынбасары: Жағдайдың бәрін елбасы біледі, премьер- министр біледі, облыс әкімі біледі. Аудан әкімі біледі. Тыңдаңыз: Үйлеріңіздің төбелерін бәрін жөндеп, бәрін жасаймыз.

Жаңатас қаласының жұрты да жапа шекті. Онда да талдар тамырымен опырылып, жолдарды жауып қалған. Суырып соққан жел жүк көліктерін де аударып тастапты. Бүгінде қос ауданға азық-түлік пен жанармай жеткізіліп жатыр. Аймақтағы үзілген электр желілері де бүгін қалпына келтіріле бастапты. Тек Жаңатас қаласындағы істен шыққан орталық қазандық қашан қалпына келетіні белгісіз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін