Жамбыл облысында дүлей жел бірнеше ғимаратты шатырсыз қалдырды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+33 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысында дүлей жел бірнеше ғимаратты шатырсыз қалдырды

Жамбыл облысында дүлей жел бірнеше ғимаратты шатырсыз қалдырды

Таразда дүлей жел соғып, 5 қабатты үйдің шатырын ұшырып әкетті. Тұрғындар екі күннен бері жылудан және ыстық судан қағылды. Сондай-ақ, аяқасты ұйытқыған дауылдан өңірдің бірнеше ауданында тұрғын үйлерге зақым келіп, электр жарығынсыз қалған.     

  • 25 Желтоқсан 2012
  • 500
Фото - Caravan.kz

Секундына 30 метрге дейін соққан жел тараздықтарды есеңгіретіп тастады. Дүлей дауылдан орталықтағы бес қабатты үйдің шатыры ұшып кетті. Ауладағы үш көлікті жерге құлаған қаңылтыр басып қалған.

Айгүл Қайнарбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

— Шатыр құлаған кезде кешегі болмаған «ақырзаман» бүгін болды деп ойладым. Балалардың бәрі төсектің астына тығылды. Бала-шаға далада болған жоқ. Өйткені кеше демалыс күні болды, ешкім мектепке барған жоқ. Егер ондай жағдай болғанда балалар астында қалатын еді.

Бұл үйге жаз ортасында тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы аясында жөндеу жасалған. Бюджеттен бөлінген 14 млн. теңгеге мердігер жертөледен бастап, шатырға дейін жаңалап жауып береміз деп уәде беріпті.

Айдос Маркенов, Тараз қаласының тұрғыны:

— Шатыр құлады, төбемізден сарылдап, бөлме-бөлмеден су ақты. 4 бөлмелі пәтер, қазір енді толық жөндеу жасау керек. Қабырға қағаздарының бәрі ертең түседі. Бәрі ертең кебеді де, бәрі құлайды.

Дауылдан шатырдағы коммуникациялық жүйелерге зақым келіп, тұрғындар екі күннен бері жылусыз және ыстық сусыз отыр. Енді олар үйлеріне модернизациялау бағдарламасы бойынша жөндеу жүргізген «Ақбозат» компаниясын сотқа бермекші. Ал шенеуніктер болса, қалыпқа келтіру жұмыстарын өздері-ақ бастап кетіпті.  


Бақытжан Жақсылықов, Тараз қалалық ТКШ бөлімінің бастығы:

— Қалалық комиссияның шешімімен бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Және бұл жұмыстарды біздің ойымызша осы аптаның ішінде толығымен аяқтап бітіреміз. Бұл шығындардың бәрі қалалық бюджетпен орны жабылады.

Шаһарда мемлекеттік бағдарламамен жөндеу көрген тағы бірнеше үйдің шатыры желге төтеп бере алмай, жарым-жартылай зақымданған. Әкімдіктегілер кеткен ақауды тез арада қалпына келтіреміз деп ант-су ішті. Жалпы дүлей дауылдан Жамбыл облысының бірнеше ауданы зардап шекті. Мәселен, Қаратау қаласындағы орталық аурухана мен бірнеше ғимарат шатырсыз қалса, ондаған үй жарық пен жылудан қағылған.