Жуалы ауданындағы Ертай, Көлтоған, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқар ата, Қызтоған ауылдарының жұрты бір жетіден бері сыртқа аттап баса алмауда. Биіктігі 4 метрге дейін жететін нығыздалған қар жолды көміп қалған. Ел-жұртқа ас-су тек әскери техникамен жеткізіліп жатыр. Науқастарды да осы көлікпен ауруханаға тасымалдайды. Ал, төтеншеліктердің машинасы түкке жарамсыз, ақ ұлпаға өздері батып қалады. Атқарушы билік ахуалдың ушыққанын мойындады. Жуалының табиғаты соңғы 8 жылда мұндай мінез танытпаған. Ертеңгі болжам да көңіл көншітпейді. Аймақта секундына 28 метрге жететін бұрқасын болады деп күтілуде.