Жамбыл облысында шенеуніктер бокс бапкерін 37 жыл бұрынғы ісі үшін жұмыстан қуған - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысында шенеуніктер бокс бапкерін 37 жыл бұрынғы ісі үшін жұмыстан қуған

Жамбыл облысында шенеуніктер бокс бапкерін 37 жыл бұрынғы ісі үшін жұмыстан қуған

Жамбыл облысында спорт мектебінің бапкері 37 жыл бұрын сотқа тартылғаны үшін жұмыстан босатылған. Алайда аудандық сот спорт мектебінің бұйрығын заңсыз деп танып, жаттықтырушы бұрынғы жұмысына қайта оралды

  • 1 Қазан
  • 10
istockphoto.com

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

Жоғарғы соттың ақпаратынша, Ақбұлым ауылының тұрғыны 20 жылдан астам уақыт бокстан жаттықтырушы болып жұмыс істеген, көптеген республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпаздарын тәрбиелеген.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырмасымен қызметкерлерді тексеру кезінде бапкер денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 1987 жылы сотты болғаны анықталған. Осыған байланысты ол 2024 жылы наурызда жұмыстан босатылады.

Бірақ бапкер бұл шешіммен келіспей, спорт мектебінің үстінен арызданады. Ол жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта алу және мәжбүрлі түрде жұмысқа келмеген уақытының жалақысын өндіру туралы талап-арызбен сотқа жүгінеді.

Жамбыл аудандық соты істі қарап, мынаны анықтаған:

— 1987 жылы Қазақ КСР Жоғарғы соты жаттықтырушының жасаған әрекетін денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруден (Қазақ КСР ҚК-нің 93-бабы 2-бөлігі) қажетті қорғаныс шегі болған кезде келтірілген дене жарақатына қайта саралаған (Қазақ ССР ҚК-нің 96-бабы 1-бөлігі);

— бапкер адам өлтіргені немесе денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін сотталғандар санатына жатпайды және қылмыстық қудалауға тартылмаған.

«Қазақ КСР ҚК-нің 96-бабы 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қасақана жасалмағандықтан,  жұмыстан босату негіздері жарамсыз болып саналады. Осыған байланысты сот талап-арызды толығымен қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды», — делінген хабарламада.

Осылайша бапкер бұрынғы қызметіне қайта орналасты. Спорт мектебі оған мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған уақыты үшін 781 мың теңге жалақы төлейтін болды.

Шешім заңды күшіне енген.