Жамбыл облысында шенеуніктер оқушылардың жалғыз автобусын тартып алды - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысында шенеуніктер оқушылардың жалғыз автобусын тартып алды

Жамбыл облысында шенеуніктер оқушылардың жалғыз автобусын тартып алды

Жамбыл облысының Жуалы ауданында оқушылар сабаққа бара алмай жүр. Себебі шенеуніктер жарты ғасырдан бері оларды тасып келген автобусты тоқтатып тастаған. Соның кесірінен Күреңбел ауылының 70-ке жуық баласына мектепке қатынау қиямет қайым. Енді ата-аналар қоғамдық көлікті қайтарып беруді талап етуде, әйтпесе балаларды білім ошағына мүлдем жібермейміз дейді.  

  • 24 Қыркүйек 2014
  • 361
Фото - Caravan.kz

-Елді-мекен тұрғындары аудандық білім бөлімінің басшылығы шолақ шешім шығарды деп отыр. Айтуларынша, 45 жылдан бері ауыл ішінде қатынаған қоғамдық көлік қыркүйектің 9-ы күні аяқ асты тоқтап қалыпты. Автобустың болмауынан 70-ке жуық оқушы оқу процесін үзіп, мектепке бара алмады дейді. Өйткені білім ошағына дейінгі жолдың қашықтығы 5 шақырым.

Бұл жағдай қатар жатқан екі ауылдың қосылып кетуінен туындаған.Бұрынғы Төңкеріс елді мекенінің тұрғындары, бірігудің кесірінен Күреңбелге сандалуға мәжбүр. Жолдың азабын әсіресе мектеп оқушылары тартып отыр.

Айбек Әбзелбек, 7-ші сынып оқушысы:

-Машиналар кейде алады, кейде алмайды. Кейбір күндері жаяу барамыз. Қосымша сабақтар дейді, басқа шараларға шақыртады. Бармасаң тағы ұрсады. Барсаң тағы бәле, бармасаң тағы бәле.

Жібек Амантай, 10-шы сынып оқушысы:

-Бізде ауа райы өте қатал аймақ болғандықтан қыс өте қалың болады. Екі метрге дейін қар жауғанда жаяу бара алмайсың. 

Ал баланың болашағына алаңдаған ата-ата не істерін білмей бас қатыруда. Автобус сұрап білім басқармасы басшысына да хат жолдаған. Бірақ әлі күнге жауап жоқ.


Нұрмолда Таубалдиев, Күреңбел ауылының тұрғыны:

-Оқушыларды жібермейміз деп отырмыз. Бір аптаға жетер жетпесте аяқ киім шақ келмейді. Ауырып қалса мұғалімдер жауап береді ме?

Мектеп директорының өзі де оқушыларға жаны ашитынын жеткізді. Айтуынша, қоғамдық көлікті үкімет қаулысына сәйкес тоқтатуға тура келіпті. Бірақ жеті жыл бұрынғы қаулыны енді орындағандары түсініксіз. Ал директор қосылған екі ауылдың арасы 3 шақырымға жетпейтіндіктен, осындай шешім шығарылды дейді.   

Амантай Туғанбаев, мектеп директоры:

-Елді мекендердің арасы 3 шақырым болу керек, Күреңбел ауылы бір көшенің бойында тұр. Елді –мекен арасында үш шақырым жоқ. Сондықтан автобусты тоқтатуға мәжбүр болдық. Аудандық білім бөлімі шешімімен автобус тоқтатылды.

Автобус енді оқушылардың түсіне де кірмейтіні айдан анық. Аудан атқамінерлерінің өздері ауылға қоғамдық көліктің көлеңкесі де түспейді деп кесіп айтты. Сондықтан шәкіртерге күніне 10 шақырым сандалудан басқа амал жоқ. Ал Жуалының ерекше табиғатын ескерсек, «қуырдақтың көкесі» қыс түскенде болатын сыңайлы.