Қыркүйектің 17-сі түнгі сағат 3-тер шамасында орталық базардың қоймасынан шыққан кісі дауысын күзетші Азамат Тәжиев естіген. Сол маңға дереу жеткенінде 3 адамның көлікке тауарларды тиеп жатқанын көріпті. Беттерін тұмшалаған қарақшылар оны қорқытпақ болған.
— Қолында қаруы болды ма білмедім, атам-атамын деп қорқытты. Қорқатын жағдайда болған жоқпын. Бәленбай елдің дүниесі бар, оны тастап қашпаймын ғой.
Күзетші екі еркек, бір әйелмен жалғыз өзі алысқан. Кейіннен көмекке әріптесін шақырыпты. Екеулеп жатып ұрыларды ұстағанда өз көздеріне өздері сенбеген.
Азамат Тәжиев, күзетші:
— Бетіндегі маскасын сол уақытта шештім. Сол кезде Азамат «мен ғой» деп жауап берді. Мұның бәрі тексеру, бізді бастық жіберді сені тексеруге деп. Оған сенбей, ұстап тұрып милицияларды шақырттым.
Содан кейінгі жағдайдың бәрі ұялы телефонға жазылған. Тәртіп сақшысы бастаған топ қоймадан ұн, қант, макарон, сыра, тіс пастасы, тіпті қара бұрышқа дейін көлігіне басып алыпты. Алайда, қылмысы әшкере болғанына қарамастан, полицей әлі күнге бостандықта жүр екен. Ал ішкі істер бөлімі басшылығының жауабы әдеттегідей. Ұры полицей қылмыстан үш күн бұрын қызметінен босатылған.
Шалхар Дәулетқұлов, Т.Рысқұлов аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
— Бұл жұмыс істемейтін адам. Өзін жағымсыз жағынан көрсеткеннен кейін, өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Кетуге мәжбүрлеген жоқпыз, жұмыс істемейтін адам болған соң, өз еркімен кетті. 13 жазып, 14 кетті.
Экс-полицей өткен жылғы сынақтан да сүрініп, қызметінен төмендетілген. Уақытша ұстау абақтасында да жұмыс істеп қарық қылмаған қызыл жағалы, қазір мүлдем жұмыссыз екен. Ал орташа деңгейдегі қылмыс болғандықтан, сыбайластарымен бірге қолхатпен бостандықта жіберіліпті.
Бұған дейін де аудандағы орталық базар талай мәрте тоналған екен. Алайда ұрылар ұстатқан емес. Ал қолды болған тауар құнын күзетші өз қалтасынан төлеп келіпті. Сондықтан ол, қылмыс үстінде қолға түскен полицейдің сол істерге қатысы бар-жоғын анықтауды да талап етуде.