Қ.Тарбаевтың ақпаратына сәйкес, 3-ақпан, таңертеңгі 6 сағаттағы жағдаймен Таразда қардың қалыңдығы 70 см, ал Жуалы ауданының елдімекендерінде 2 метрге жетті. «Қазгидромет» РМК-ның ақпаратына сәйкес, бұл өңірде соңғы 35 жылда мұндай қар жауған емес.
Оңтүстік Қазақстан облысында тоқтаусыз жауған қардың салдарынан Созақ және Бәйдібек аудандарындағы Есіктас және Алғабас елдімекендері сыртқы әлеммен байланыссыз қалды. Бұл өңірдегі қардың қалыңдығы 1 метрге жетті. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің шешімімен аймақта негізгі трассалармен көлік жүруге шектеу қойылды. Облыстағы тас жолдардың бірінде төтенше жағдайлар жөніндегі қызметкерлер қар қамауда отырған балықшылар тобын құтқарды. Олар мінген автокөлік төрт күн бойы қардың құрсауында қалған.
Еліміздің басқа өңірлерінде ахуал бірқалыпты, деді Қ.Тарбаев. Сынап бағанасының төмендеуіне және қардың көп жаууына байланысты төтенше оқиғалар тіркелген жоқ.
«Қазгидромет» мәліметі бойынша, бүгін, 3-ақпанда сынап бағанасы Шығыс Қазақстан облысында минус 39, Астанада минус 26, Павлодарда минус 26, Қарағандыда минус 13 градусты көрсетеді. Ең жоғары температура — Цельсий өлшемі бойынша 0 градус Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелді.