Жарияланды: 390

Жамбыл облысында тұрғын үй салуға қатысқан Екібастұздық құрылысшыларға жалақы берешегі өтелді

Жамбыл облысы Құлан елді мекенінде тұрғын үй салуға қатысқан Екібастұздық 30 құрылысшыға жалақы берешегі өтелді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жалақы берешегін өтеу үшін құрылыс жұмыстарының мердігері, Екібастұздық "Жан - К" фирмасына жергілікті биліктің ықпалдастығы арқасында 2,9 млн. теңгенің несиесі берілді. Бұл қаржыны мердігер субмердігерлермен бөлісті. Атап айтсақ, "Әке" ЖШС-нің құрылысшыларына 2 млн. теңге, "Серпіліс" ЖШС құрылысшыларына 720 мың теңге, "Жан-к" фирамының жұмысшыларына 180 мың теңгеден берілді. Әкімшіліктегілердің хабарлауынша, "Жан-К" фирамының құрылысшылар алдындағы жалақы берешегі толық өтелді. Ендігі жерде фирма құрылыс жұмыстарына материал және қызмет түрлерін ұсынған бірқатар Екібастұздық фирмалар алдында ғана қарыздар. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Жамбыл облысында өткен жылдың мамыр айында болған жер сілкінісінен қирап қалған үйлерді қалпына келтіруге Павлодар облысы да атсалысқан. Облыстық бюджеттен Құлан ауылында үйлер салуға арнап 115 млн. теңге, соның ішінде құрылысшыларға жалақы ретінде 6 млн. теңге бөлінген. Үйлер өткен жылдың қазан айында толық салынып бітіп пайдалануға берілді. Алайда, үйлерді өз қолымен салған Екібастұздық 36 құрылысшы жалақысын ала алмай қалды. Қараша айының соңында Екібастұздық үш құрылысшы Павлодарға келіп, облыс басшылығына берешекті өтеуге ықпал жасау жөнінде өтініш білдірген. Осыдан бір аптадан кейін, 3-желтоқсанда құрылысшылар мерзімсіз аштық жариялады. Бір тәуліктен кейін үш құрылысшы да өздеріне тиесілі жалақысын алған. Осыдан кейін оқиғаның мән-жайына тексерулер басталып, Екібастұздық "Жан- К" фирмасының басшыларының үстінен ҚР қылмыстық Кодексінің 176-бабы бойынша, сеніп тапсырылған басқаның мүлкін иемденіп алу немесе жұмсап жіберу жөнінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір қылмыстық іс тергеп-тексеру сатысында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін