Жамбыл облысындағы апаттан келген шығын көлемі 2,5 млрд теңге
|
Жамбыл облысында дүлей дауыл салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Табиғаттың тосын мінезінен келген шығын көлемі кемі 2 жарым миллиард теңге. Қазір Қаратау мен Жаңатасқа біртіндеп жылу таратыла бастады. Жарық пен телефон байланысы да іске қосылған. Өңірге мемлекеттік қордан азық-түлік пен құрылыс материалдары жөнелтіліп жатыр. Бірақ төтенше жағдай орын алған шаһарлардың тірлігі толық жанданды деп айтуға әлі ерте.
Дүлей дауылдың зардаптарын жою көппен бітетін шаруа. Қираған үйінділерді тазартуға Жамбыл облысындағы Ішкі әскердің барлық сарбаздары жұмылдырылған. Тіпті бұғанасы қатпаған мына бала да күші жеткенше ағаларына көмектесіп жүр. Туған жерінің бір сәтте тып-типыл болғанына оның да жаны ашиды.
Жұрт ауыз судан тарығып отыр. Оларға тіршілік нәрі арнайы көлікпен жеткізілуде. Осылайша, табиғаттың тосын мінезінен қатты зардап шеккен Жаңатас пен Қаратау қалаларының тірлігі әлі тұралап тұр.
- Келіңіздер, шай ішіңіздер!!!
Бұл жауынгерлердің ас мәзірінен. Осыны талғажу етіп жан бағуға тура келеді. 2 тілім нан, 1кесе қара шай. Астан – қарақұмық. Баспаналары қирап далада қалған қараша жүрек жалғап қана қоймай,бала-шағасымен арнайы тігілген осы әскери шатырдан пана да тапты.Ал дауылда үстіне ауыр зат құлап жараланғандар ауруханаларға күн сайын жеткізіліп жатыр.
Ғалия Естаева, Қаратау қаласының тұрғыны:
- Масқара, бұл не сұмдық! Көшедегі адамдар ұшып, мен өзім сол қолымды сындырып алдым. Жүре алмадық желдің күштілігінен.
Желдің екпініне Қаратаудағы жылу орталығының 60 метрлік мұржасы шыдай алмады. Қазір ол қалпына келтірілуде. Ал бүгін әуіпірімдеп жүріп дауылдан тас-талқаны шыққан Жаңатас пен Қаратауға біртіндеп жылу таратылып, жарық, ыстық және салқын су берілді. Есеңгіреп қалған аймаққа қосымша 60 вагон құрылыс материалдары жөнелтіліп жатыр. Бірақ жұрт одан қайыр болатынына сенімсіз.
- Жөндеу жұмыстарын жасауға көмек береді тегін. Қашан? Сенбейміз. Ешқандай көмек жоқ. Комиссия деген санамай ма оны. Неге алдайсыздар бізді?
«Алдайсыңдар» деген тұрғындар шенеуніктердің үйіп төккен уәдесіне сенбей әлі айғайға басып жатыр. Өйткені үйлерінің жөндеуі ұзаққа созылып кете ма деп үрейленеді. Айтып келмейтін апаттың зардабын жою қашанға дейін жалғасатынын шенділердің өзі де болжағысы келмейді.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қалпына келтіру жұмыстарына қанша уақыт кететінін айту да қиын. Апат әкелген зиян орасан. Жылу, газ құбырлары да зақымданды. Десе де, шапшаңдату үшін күш пен қолда техника жұмылдырылды.
Айта кетсек,өткен демалыс күндері секундына 50 метрге дейін жеткен дауылдан жаңадан салынған мектеп пен балабақша, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер шатырсыз қалды. Жолда кетіп бара жатқан көліктерге дейін шайқалып аударылып қалған еді. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Қазір өңірдегі ахуалды көктен тікұшақтар бақылауға алды.
Табиғи апаттан келген шығынды атқамінерлер 2,5 млрд теңге бағалап отыр. Бұл нақты сома емес. Себебі шығын көлемі әлі есептеліп біткен жоқ. Төтенше жағдайға байланысты құрылған республикалық комиссияға жетекшілік ететін вице-премьер Қырымбек Көшербаев Жамбыл облысында күні кеше болып қайтқан еді. Премьердің орынбасары жағдайға қаныққан соң Есілдің сол жағалауына оралды. Енді қалпына келтіру жұмыстарын Астанадан бақылап отырмақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін