Жамбыл облысының әкімдігі облыста шегірткемен күрес тоқтатылмайды деп сендіруде - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысының әкімдігі облыста шегірткемен күрес тоқтатылмайды деп сендіруде

Жамбыл облысының әкімдігі облыста шегірткемен күрес тоқтатылмайды деп сендіруде

Алматы. 21 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысының әкімдігі облыста шегірткемен күрес тоқтатылмайды деп сендіруде, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

  • 21 Мамыр 2008
  • 680
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы «Центр ПАНХ Казахстан» ЖШС әуе компаниясының директорының орынбасары Бауыржан Өтеповпен хабарласты.

«Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы өз проблемамды шештім. Және Жамбыл облысындағы шегірткеге қарсы жоспарланған жұмыс өз жалғасын табады. Қазір мұнда 1 ұшақ жұмыс істеуде және тағы бір ұшақ Байзақ ауданында дайын тұр. Ол жұмысқа сәрсенбі күні кіріседі. 40 тонна авиабензин бар. Су мен жанар-жағармай таситын тіркемесі бар 5 автоцистерна қолымызда. Алаңдайтын еш нәрсе жоқ», — деп сендірді Б. Өтепов.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Жамбыл облысында 2008 жылы шегірткеге қарсы 107 мың гектар жер өңделеді. Оның ішінде, марокко шегірткесіне қарсы — 3,6 мың гектар, италия шегірткесіне қарсы 66,3 мың гектар, Азия шегірткесіне қарсы 37,1 мың гектар жер өңделеді.

Сондай-ақ, шегірткемен күреске республикалық бюджеттен 73,2 млн теңге бөлінген. Оның 14,3 млн теңгесі орындаушыларға берілген.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысының алқаптарында улы химикаттар шашқан әуе компаниясына ақша төленбеуі себепті Жамбыл облысындағы шегірткемен күрес қаңтарылып қала жаздаған. Әуе компаниясында жер өңдеуді былай қойғанда, Жамбыл облысына баратын жол шығыны табылмаған. Жасалған жұмыс көлемі 6 млн теңгеден асып жығылса да, бір апта бойы әуе компаниясына еш ақша төленбеген.

Сонымен қатар, әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстаннан Қырғызстанға шегіртке кетті деген әңгіме бос сөз. Өйткені, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының мәліметтеріне сүйенер болсақ, қазіргі уақытта шегірткелер 2-3 жаста. Ал олардың көшуі тек маусым айының үшінші онкүндігінде ғана байқалуы мүмкін.

Алайда одан бұрын Қырғызстан Республикасының ауыл, су шаруашылықтары мен өңдеу өнеркәсібі министрі Арыстанбек Ногоев Қырғызстанның Шу және Талас облыстарында шегірткенің ауыл шаруашылық жерлеріне көшу оқиғасы тіркелгендігін хабарлаған.

Оның айтуынша, Жамбыл облысының шекаралас аудандарынан Қырғызстан Республикасының ауыл шаруашылық жерлеріне көшу оқиғасы Талас облысында тіркелген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті