«Мектептің жаңа ғимараты – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына сыйлық», — деп мәлім етті мектепті салтанатты түрде ашу рәсімінде Қордай ауданының әкімі Ілияс Тортаев.
Оның айтуынша, Қордай ауданында тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Кенен мен Сортөбе ауылдарында бірден екі мектеп салынды. Қазір Масаншы ауылында 820 орындық мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ, Бұлар-Батыр ауылында 600 орындық мектептің және №18 орта мектептің 300 орындық қосымша корпусының құрылысы жоспарланған.
«Бұл ауданда 40 мыңнан аса дүнген тұрады, және бұл жерде мектеп жетіспеушілігі мәселесі үнемі шешуді қажет етіп келді. Жаңа мектептің іске қосылуы балалар мен ата-аналар үшін нағыз сыйлық болып отыр, өйткені енді оқушылар білім алу үшін 5-7 шақырым жол жүрмейді», — дейді Қазақстан дүнгендері қауымдастығының президенті Хусей Дауров аудан басшылығына ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдіре отырып.
«Сортөбе ауылында 20 мыңдай адам тұрады, бұл жерде жыл сайын 1000 сәби дүниеге келеді. Сондықтан жаңа мектептердің, басқа нысандардың, соның ішінде, спорттық-сауықтыру нысандарының құрылысы аудандағы дүнген ауылдарының әлеуметтік және басқа мәселелерін тиімді шешуге ықпал етеді», — деді ол.