Жақсылық ақсақалдың әзіл өлеңі замандастарының шамына тисе керек. Өлеңнен өзін таныған қарттар, автордың түгін қалдырмай балағаттап жатыр. Даудың басы бес шумақ өлең. Әуесқой ақын, бес шалдың бей-әдеп қылықтарын өлеңмен өріп, аудандық басылымға жариялапты.
Жақсылық Байғазиев, Шу ауданының тұрғыны:
— Біз артымыздағы жастарға теріс қылық көрсетіп кеттік. Шалдар. Осы жағынан кішкене райынан қайтса, қаза шыққан үйден теңге сұрағанын, шүлен бер дегенді тоқтатса деген ниетпен не қылғам.
Зейнеткердің айтуынша, ауылдың бес қариясы өздерін молда сайлап, жаназа шығаруды әдетке айналдырған. Қара жамылған отбасыға әр ауылдан келген шал-шауқанға ақша беруді міндеттепті. Табыс көзіне айналған жүйені ол әзілмен шектемек болған. Өлеңде кейіпкердің аты-жөні жазылмаған, соған қарамастан мені сотқа берді деп ақсақал өз ауылдастарынан айнып отыр.
Жақсылық Байғазиев, Шу ауданының тұрғыны:
— Мен өзімді айыптымын деп есептемеймін, өлеңде ешкімнің құқына тимесем. Атын атамасам, қалай мен айыптымын? Көшеде олардың атын атап, өлең таратпасам.
Аудандық соттың үкімімен әр зейнеткерге 30 мың теңге өтемақы төлеу міндеттелген. Бұл соманы аз көрген арызданушылар 3 млн. теңге талап етіп, апелляциялық шағым түсіріпті. Бүгінде бес шалдың екеуі арызын қайтарып алса, үшеуі әзілдің авторымен әлі айқасып жатыр.
— Ырр, оңаша болса, ұрып өлтіретін едім. Баяғыдай талай тепкілегенмін, ит. Сүмелек.
Айбат шеккен ақсақал бой беретін емес. Басу айтқан ауылдың әкімінде пысқырған жоқ. Бүгін замандастары жиылып, қос тарапты татуластырмақ болды.
—Татуласпаймыз. Татуласпайды деймін. Ит ол, ит. Намысы жоқ, өліп қалған. Адамгершіліктен жұрдай. Шешесін өлтірген осы міне.
Ушыққан даудың жақын күндері басылатын түрі жоқ. Тіпті күн санап іс насырға шауып барады.