Бұл аудандағы гимназия мәртебесі бар Қонаев атындағы жалғыз мектеп. Құрылыс жұмыстарының аяқталмауына байланысты мұндағы 1300 оқушы, 4 мектепке бөлініп, тәлім алуда. Ал, ұстаздардың жағдайы тіптен қиын. Қаламын қалаққа ауыстырғандар, білім берудің орнына ғимараттың бүлінгенін бүтіндеуде.
Әлия Қаңтарбаева, мұғалім:
— Міне мұғалім ретінде мен жұмысшы болып жүрмін. Мына жерге қаншама млн. бөлді. Неге мұны мұғалімдер істеу керек?!
Оқушылармен ғана ажары кіретін білім ошағының қазіргі сыйқы осындай. Іші-сыртына дейін тас-талқаны шығып, жөнделіп жатыр. Ал, құрылысқа жауапты мердігер бірінші қарашада оны толықтай тапсыруы тиіс болған. Алайда, білек сыбана кіріссе де, компания межелі мерзімде үлгермеді.
Арман Дүйсенбаев, мердігер компания өкілі:
— Негізі келісім-шарт бойынша, тез бітіріп, екінші тоқсанға дейін кіргізу керек деп екі айға жасалды ғой. Жалпы үш айдың көлемінде болатын жөндеу етін. Келісім бойынша қарашаға дейін еді.
Мектептің сметалық жобасы үш жыл бойы әзірленіп, жөндеу жұмыстары қыркүйектің онында ғана басталған. Тендердің өзі тамыздың аяғында жүргізіліп, жалпы соммасы 77 млн. теңге бөлініпті. Бірақ, сол қаржының өзі өгіз аяңмен жетті деп отыр білімге жауапты мекемедегілер.
Совет Жасыбаев, Қордай аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары:
— Ақшаны бөлу, ақшаның келіп түсуі, біздің құзыретімізге жатпайды. Себебі жергілікті бюджетке қарамайтын ақша. Бағдарлама республикалық болғандықтан, жоғары жақтың ақшасына біздің ешқандай шамамыз келмейді.
Ескі мектептің есігі екінші тоқсанда да ашылмады. Үздік гимназияның шәкірттері қашанға дейін сандалып жүріп білім алатыны тағы белгісіз. Бұған бола басы ауырып, балдыры сыздап жатқан билік өкілдері де жоқ.