Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР Ұлттық банкінің қолма-қол ақша айналысы департменті жобасының бас дизайнер-маманы Санжар Нұрқасымовтың сөзінше, жаңа банкнот қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
«Бұл біздің бесінші серия. Біз портреттен бастадық, ол кезде әлемде ешкім қазақтың кім екенін білмейтін, біз үшін сыртқы келбетімізді, кіммен мақтанатынымызды көрсету маңызды еді. Сондықтан банкноттарда көрнекті саяси және мәдениет қайраткерлері бейнеленген. Одан әрі әл-Фараби, Бәйтерек, Қазақ елі сериялары, енді міне сақ стиліне келдік», — дейді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің бас дизайнері Санжар Нұрқасымов.
Айтуынша, «Қазақ елі» (немесе Самұрық) сериясының банкноттары 2011 жылдан бері айналымда, ал соңғы 12 жылда банкноттардың қорғаныс элементтері тозған.
«Технология бір орында тұрмайды және алға жылжиды, жалған ақша жасаушылар да ұйықтамайды, олар элементтерді дайындайды. Тіпті, кейбір жалған элементтер сәтті шығуы мүмкін. Сондықтан әлемдік тәжірибеде жалған ақша жасаудың алдын алу үшін әрбір 7-8 жыл сайын банкноттардың дизайны өзгеріп, жаңасы енгізіліп отырады. Мұнда жаңа технологиялар қолданылады», — деді ол.
Санжар Нұрқасымов кішірейтілген жаңа банкноттардың өндіріс процесін оңтайландыруға және қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайтуға бағытталғанын атап өтті.
Халық пен бизнес үшін кішірейтілген өлшем және енгізілген қауіпсіздік элементтері бар жаңа дизайн транзакцияларды жеңілдететіп, тексеруді жылдамдатады.
Жаңа 10 мың теңгелік банкнотта 19 қорғау элементі бар.
Банкноттардың түсі – күлгін-көк. Банкнотаның бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– артефакт – тау шыңындағы барыс бейнелі әшекей (Есік қорғаны, б.з.д. 5-4 ғғ., Алтын адамның бас киіміндегі деталь, қар барысы – батылдықтың, күш пен сұлулықтың символы).
«Қазақта өмір ағашы – өмір шежіресі, ал шежіре – өте маңызды. Бүкіл қазақ өз әкелері мен аталарын мақтан тұтады, бұл қазіргі ДНҚ зерттеулері пайда болғанға дейін ұрпақтан-ұрпаққа берілді. Сондықтан біз бұл жерге ДНҚ спиралын қостық, ол ежелгі тұжырымдамамен бірге заманауи элемент ретінде тамаша үйлеседі. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерінен спираль тәрізді ою-өрнектерді жиі көреміз, мысалы, ою, қошқар мүйіз», – дейді Санжар Нұрқасымов.
Артқы жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан мен Қазақстанда мекен ететін барыс бейнеленген.
Негізгі суреттің артында дөңгелек пішіндес қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:
«Қалқан» – құндылықтарды қорғау; ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы; ортасындағы күн белгісі – шығармашылық қуат пен өмірдің символы. Сондай-ақ банкноттың сырт жағында артефакт, яғни аузында грифондары бар барыстың басы бейнеленген (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, мақсаттылық пен күштің символы). Банкноттың ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі «шексіздік» контуры бар. Онда Іле Алатауы тауларының ландшафты көрініс тапқан.
Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің басқарма басшысы Серікжан Майданов 28 маусымда БАҚ қызметкерлері күні жаңа 10 мың теңгелік банкнот айналымға шығатынын жеткізді.
Алайда бұл банкноттар бірден жаппай айналымға түспейді, өйткені еліміздің барлық аймақтарына жеткізу және жабдықты (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық жабдықтар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.
«Банкноталардың форматын өзгерттік, өлшемдері өзгерді. Бұл біздің өндіріс шығындарымызды оңтайландырады, өздеріңіз білетіндей, банкноттар арнайы банкнот қағазында шығарылады, оның қауіпсіздік элементтері бар. Банкнот парағында мұндай өлшемдер болса, өндіріс тиімділігі артады», — деді ол.
Сонымен қатар ол банкнотты қолдан жасау мүмкін емес екенің тілге тиек етті. Өйткені, микрооптикалық қорғаныс жіпі бар — бұл жаңа технология, ол бұрын еш жерде қолданылмаған.
Бұған дейін ескі үлгідегі барлық банкнота екі жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынатыны туралы жазған едік.