Жаңа айыппұлдар дәуірі басталады: 12 наурыздан бастап не өзгереді? - kaz.caravan.kz
  • $ 489.39
  • 567.99
-9 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаңа айыппұлдар дәуірі басталады: 12 наурыздан бастап не өзгереді?

Жаңа айыппұлдар дәуірі басталады: 12 наурыздан бастап не өзгереді?

12 наурыздан бастап Алматыда жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін камералардың жұмысы кеңейеді. Жаңа ережелер тек көлік жүргізушілеріне ғана қатысты емес, бұл жолы барша халықты қамтымақ.

  • 11 Наурыз
  • 26
Фото: pinterest.com

Осылайша айыппұлдардың тізімі де кеңейеді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Өзгерістер еліміздің Цифрлық кодексі аясында енгізіліп, 31-бапты өзгертті. Осылайша жаңа тыйымдар енгізбей-ақ замануи технологиялардың көмегімен айыппұлдарды арттырып, жолдағы тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Камералар қалай жазалайды?

Бұрын Алматыдағы автоматты жүйелер алты негізгі бұзушылықты тіркейтін. Атап айтқанда:

  • жылдамдықты асыру;
  • қызыл жарықта өту;
  • жол белгілері мен сызықтарын бұзу;
  • дұрыс емес тоқтау немесе тұрақ;
  • озып өту ережесін бұзу;
  • жаяу жүргіншілерге жол бермеу.

Енді камералардың қызметі кеңейеді.

  1. Жүргізуші телефонды ұстаған немесе белбеусіз отырған жағдайларды тіркеу;
  2. Құжаттармен байланысты бұзушылықтар:
  • міндетті автосақтандырудың болмауы;
  • техникалық байқаудың мерзімінің өтуі;
  • заңнамада қарастырылған басқа бұзушылықтар.

Кейбір жағдайларда, егер заң ескерту қарастырса, жүйе оны автоматты түрде рәсімдей алады.

Жаяу жүргіншілер мен темекі шегушілерге автоматты айыппұл

Түзетулер тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қатысты. Камера немесе дрон бұзушылықты тіркесе, мысалы — қоқыс лақтыру, аялдамада темекі шегу немесе жолды белгіленбеген жерде кесіп өту — алгоритм оны мемлекеттік деректер базасымен салыстырып, айыппұлды автоматты түрде шығарады.

Мысалы:

  • белгіленбеген жерде түтін немесе қоқыс тастағаны үшін — 43 250 теңгеге дейін;
  • жолды «зебра» белгіленбеген жерде кесіп өткенге — 8 650 теңге шамасында.

Бұл қалай жұмыс істейді

1. Камера немесе дрон бұзушылықты тіркейді;

2. Сурет бейнебақылау жүйесіне түседі;

3. Алгоритм адамның бет-әлпетін таниды және оны мемлекеттік деректер базасымен салыстырады;

4. Жүйе жеке куәлік нөмірін алады және мәліметтерді Әкімшілік құқықбұзушылықтарды тіркеу біріккен реестріне (ЕРАП) жібереді;

5. Осы ақпарат негізінде айыппұл шығарылады.

2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Алматыда 1 641 «Сергек» кешені жұмыс істейді, оның құрамында 9 152 камера бар. Биыл қосымша шамамен 350 кешен қосылады.

Қаланың барлық аумағында 150 мыңнан астам бейнекамера орнатылған, олардың 57 мыңнан астамы бейнебақылаудың біріккен жүйесіне қосылған. Камералар көшелерде, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарда, сондай-ақ «Таза Қазақстан» және «Қауіпсіз аула» жобалары аясында жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап дрондар трассаларды патрульдеп, бұзушылықтарды тіркей бастады. Алматы полициясында 8 дрон бар.

Айыппұлдар мен биометрия

Осы ретте көпшілікті қызықтыратын басты сұрақ бар: биометрияны қолдануға кім рұқсат етті?

«Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңға сәйкес, деректерді тек адамның келісімімен өңдеуге болады. Алайда, заңның 9-бабында құқық қорғау органдары, әкімшілік өндіріс немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жағдайында келісім қажет емес делінген.

Яғни, жүйе бұзушылықты тіркесе, бұл ресми процедураның бір бөлігі болып саналады және деректер адамның рұқсатынсыз өңделуі мүмкін.

Мемлекеттік деректер базасындағы биометрия

Азаматтардың биометриялық деректері жеке куәлік алған кезде мемлекеттік базаға енгізіледі. Құжат рәсімделген сәтте түсірілген фото ЖСН-мен байланыстырылып, базада сақталады. Бұл базалық биометриялық профиль болып табылады.

Бұл фото келесі жағдайларда қолданылады:

  • eGov жүйесі арқылы онлайн идентификация;
  • банк қосымшаларында операцияларды растау;
  • карталарды немесе қызметтерді смартфон арқылы рәсімдеу.

«Камераға қараңыз», «басын бұрыңыз» немесе «қимыл жасаңыз» деген нұсқаулар дәл осы сәйкестендіру үшін қажет.

Қауіптер мен шектеулер

1. Алгоритм қателіктері: камера адамды дұрсы танымай негізсіз айыппұл салуы мүмкін;

2. Деректердің ұрлануы: биометрияны өзгерту мүмкін емес. Алаяқтардың қолына түссе, микрокредит алу, SIM-карта тіркеу немесе онлайн сервистерге қол жеткізу мүмкін.

3. Айыппұлға шағымдану: алгоритм қателігіне шағымдануға болады, бірақ биометриялық деректердің ұрлануының салдары қайтымсыз.

Осылайша наурыздан бастап Алматы цифрлық бақылау дәуіріне кіреді. Автоматты камералар мен дрондар бұзушылықтардың түр-түрін тіркейді, соның ішінде жаяу жүргіншілер мен темекі шегушілердің әрекеттерін де, ал айыппұлдар биометриялық деректер негізінде автоматты түрде шығарылады. Әрине, мұндай шара жол қауіпсіздігін және тәртіпті арттыруы мүмкін, алайда халық өз деректерінің қауіпсіздігі мен биометрияны өңдеудегі мүмкін тәуекелдерді түсіндіруді талап етеді.