Жаңа экономикалық дәуір: Тұтынушылардың мінез-құлқы қалай өзгереді? - kaz.caravan.kz
  • $ 506.21
  • 568.42
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
14 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаңа экономикалық дәуір: Тұтынушылардың мінез-құлқы қалай өзгереді?

Жаңа экономикалық дәуір: Тұтынушылардың мінез-құлқы қалай өзгереді?

Соңғы жылдары жаһандық экономика көптеген дағдарыстар мен қиыншылықтарды бастан кешіп жатыр. Пандемиядан кейінгі кезең мен геосаяси шиеленістер тұтынушылардың мінез-құлқын айтарлықтай өзгертті.

  • 28 Сәуiр
  • 12
Фото: gettyimages.com / amixstudio

Mastercard Economics Institute зерттеулері 2025 жыл тұтынушылардың жаңа жағдайларға бейімделу кезеңі болатынын жазды. Инфляцияның бәсеңдеуі мен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі шығындарға тікелей әсер етеді. Алайда сатып алу мәдениеті әр аймақта әртүрлі. Ал тұтынушылар жаңа экономикалық реалийге қалай бейімделеді? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Экономикалық ахуал

2025 жылы жаһандық ЖІӨ өсімі 3,2% деңгейінде болжануда. Бұл 2024 жылғы 3,1%-дан жоғары көрсеткіш. Негізгі өсім драйверлері — АҚШ, Үндістан және Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер. Ал Еуропа мен Латын Америкасында өсім қарқыны төменірек болады. Маңызды факторлардың бірі — инфляцияның бәсеңдеуі. Ол жаһандық деңгейде 3,2%-ға дейін төмендеді, ал G10 елдері үшін 2,4% деңгейінде болжануда. Қызмет көрсету саласындағы инфляцияның бәсеңдеуі тұтынушыларды қолдаса да, баға деңгейі әлі де жоғары.

«Үнемдеу тренді»: қолжетімді баламаларға көшу

Тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі тұтыну әдеттерін өзгертті. Көпшілік премиум тауарлардың қолжетімді баламаларын таңдай бастады. Бұл үдеріс «төменге трейдинг» деп аталды. Мысал ретінде киім нарығын айтуға болады. Әлем елдерінің 85%-ы люкстан гөрі бұқаралық қолжетімді брендерді сатып алатын болған. Яғни 7%-ға көбірек жұмсайды. Алайда кей жерлерде жағдай басқаша. Мысалы Мексикада люкс тауарларға сұраныс артып отыр, ал Жапонияда иенаның құнсыздануы туристердің премиум өнімдерге қызығушылығын арттыруда.

Туризм саласында да ұқсас өзгерістер байқалады. Тұтынушылар «балама бағыттарды» іздей бастады, яғни бір бағыт, ал бағасы қолжетімді. Мысалы, Амстердамның орнына Копенгаген, Бали орнына Ломбоктың жағажайлары танымал болуда. Нәтижесінде бұрын аса танымал болмаған бағыттардағы транзакциялар өсімі әйгілі туристік аймақтармен салыстырғанда тоғыз пайызға артқан. 

«Қайту тренді»: премиум сегментке бет бұру

Халықтың үнемдеу мәдениеті артқанымен, кейбір аймақтарда керісінше үрдіс басталды. Инфляцияның төмендеуі мен табыстың өсуі премиум тауарларға деген қызығушылықты қайта арттыруда. Мысалы, Ұлыбритания халқы электроника мен саяхатқа көбірек жұмсайтын болған. Орташа транзакция көлемі ұлғайып жатыр. Еуропада да осындай үрдіс байқалады. Пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі тұтыну қабілетін арттырды. 

Бұл өзгеріс әсіресе туризм секторында айқын көрінеді. Премиум қонақ үйлер мен мейрамханалардағы ақша ағыны артқан. Яғни тұтынушылар маңызды оқиғалар мен мерекелерге көбірек қаражат жұмсауға дайын екенін көрсетеді. Бұл жоғары және төмен табысты топтар арасындағы тұтыну мәдениетінің жер мен көктей екенін дәлелдейді. Табысы жоғары топтар ойын-сауық пен демалысқа ойланбай шығындалуда.  

Инфляция мен пайыздық мөлшерлемелердің рөлі

Инфляцияның бәсеңдеуі тұтынушылық әдеттердің өзгеруінде маңызды рөл атқаруда. Бағасы қымбат тауарлар (электроника, жиһаз, тұрмыстық техника) қолжетімді бола бастады, нәтижесінде сұраныс арта бастады. Сонымен бірге орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерін төмендетуде. Салдарынан несие арзандап, қымбат тауарларға сұраныс көбейді. 

Алайда елдер арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мысалы, АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелердің Федералдық резерв жүйесі тарапынан өзгеруі үй шаруашылықтарының шығындарына айтарлықтай әсер етеді. Ал Канада мен Ұлыбританияда керісінше, себебі үй шаруашылықтарының қарыз деңгейі өте жоғары.

Географиялық ерекшеліктер

Аймақтардың тұтыну әдеті әртүрлі. Еуропада тұтынушылар өте сақ, олар премиум өнімдерге қарағанда үнемді баламасын дұрыс деп санайды. Бұл киім-кешек және тамақтану салаларында көбірек байқалады. Азия елдерінде, атап айтқанда Үндістанда, орта таптың өсуі есебінен шығындар артуда. Электроника мен тұрмыстық техника сияқты дискрециялық тауарларға қызығушылық өсе бермек. 

2025 жылға болжамдар

Үнемдеу тренді сақтала ма, әлде тұтынушылар премиум сегментке қайта орала ма? Mastercard Economics Institute болжамы бойынша, бұл табыстардың қалпына келу қарқыны мен баға қысымының төмендеуіне байланысты болады. Үндістан және Парсы шығанағы елдері сияқты тез дамып келе жатқан елдер премиум тауарларға қайта оралуы мүмкін. Ал Еуропа мен Латын Америкасы әлі де сақтық танытуы мүмкін. 

Сондай-ақ онлайн сауданың рөлі маңызды болмақ. Цифрлық платформалардың дамуы тұтынушыларға таңдаудың кең түрін ұсынады және бағаны салыстыра отырып саналы тұтыну мәдениетін қалыптастырады. 

Қазақстандықтардың да тұтыну әдеті өзгеріп жатыр. Соңғы кездегі қымбатшылық пен салықтық реформа салдарынан халық шығындарын оңтайландырып, қолжетімді тауарларды таңдауға көшуде. Әсіресе киім-кешек және азық-түлік сатып алуда. Сондай-ақ онлайн платформалардың дамуы халыққа оң әсер етуде. Маркетплейстер халыққа арзан бағада тауарлардың кең түрін ұсына алады. Статистика бойынша, интернет дүкендердегі сатып алу 15%-ға артқан. Зерттеуге сүйенсек, қазақстандықтардың 58%-ы. күнделікті тауарларды сатып алуда ең алдымен бағасына қарайды. Ал 32%-ы брендке емес, сапасы мен оның тиімділігіне назар аударады.

2025 жыл жаңа тұтынушылық әдеттердің қалыптасуында маңызды кезең болады. Үнемдеу менпремиум сегментке қайта оралу бәрібір қатар жүреді. Өз кезегінде бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Компаниялар жаңа реалийге бейімделу үшін өз стратегияларын өзгерте бастайды. Бүгінгі экономикалық жағдай, атап айтқанда инфляцияның және пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі осы трансформацияның негізгі факторы болып қала бермек.