Сондықтан елдің саяси-құқықтық архитектурасын жаңарту – уақыт талабы ғана емес, ұлттық тұрақтылықты сақтау үшін қажетті қадам. Мемлекет басшысы бастамашы болған жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуды, билік тармақтарының теңгерімін күшейтуді, азаматтардың құқықтарын кеңейтуді және ұзақмерзімді даму моделін құруды көздейді.
Ұсынылған өзгерістер тек техникалық түзетулер емес – елдің саяси құрылымын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған жаңа институционалдық негіз. Биліктің шамадан тыс шоғырлануынан бас тарту, жауапкершілігі жоғары мемлекеттік аппарат қалыптастыру, құқықтық ортаның айқындылығын арттыру, ұлттық дәстүр мен заманауи басқару қағидаттарын үйлестіру – осы реформалардың өзегі.
Осындай ауқымды трансформация жағдайында саяси партиялардың, сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері айрықша мәнге ие. «Ауыл» партиясының орталық аппарат басшысының орынбасары Сарсенбаева Айгерім жаңа Конституция жобасының мазмұнына, оның институционалдық маңызы мен елдің стратегиялық орнықтылығына әсеріне тоқталып, реформалардың ішкі логикасына жан-жақты баға береді.
— Қазақстан халықаралық тұрақсыздық күшейген кезеңде кешенді конституциялық реформалар жүргізуде. Институционалдық жаңғырту елдің стратегиялық орнықтылығын қалай нығайтады?
— Қазір әлемде тұрақсыздық көп. Мұндай кезде мемлекеттің беріктігі оның ішкі жүйесінің мықтылығына байланысты. Жаңа Конституция жобасы – бұл сыртқы соққыларға төтеп бере алатын ішкі жүйенің «сауыты». Біз суперпрезиденттік модельден бас тартып, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласына көшу арқылы билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайттық. Стратегиялық орнықтылықтың басты кепілі — адам капиталы. Жаңа Ата Заңның 3-бабында адами капиталдың жер асты байлығынан да маңызды қазына ретінде бекітілуі мемлекеттік ресурстардың ұзақмерзімді дамуға, яғни білім мен ғылымға бағытталуын заңдастырды. Бұл — мемлекеттің кез келген дағдарысқа іштен дайын болуының құқықтық негізі.
— Ұсынылып отырған өзгерістер өкілеттіктерді қайта бөлуді және басқару тетіктерін құқықтық тұрғыдан нақтылауды көздейді. Мұны посткеңестік кеңістікте жиі кездесетін жекелендірілген саяси модельдердің тәуекелдерін азайту қадамы деп бағалауға бола ма?
Әрине, бұл — жүйелі демократияландыру процесі. Біз биліктің жекелену тәуекелдерін институционалдық деңгейде шектедік. Мысалы, Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы туралы 2022 жылғы қағидаты енді Бас Прокурор мен Жоғарғы Сот Төрағасына да қатысты қолданылады (6 жылдық бір мерзім). Бұл кадрлық тоқырауды жойып, басқару жүйесінің үнемі жаңарып отыруын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Вице-президент институтының қайта енгізілуі – билік транзиті кезіндегі кездейсоқ тәуекелдердің алдын алып, мемлекеттік басқарудың үздіксіздігі мен тыныштығын заңмен бекіту болып табылады.
— Тәуекелдерді талдау және due diligence тұрғысынан алғанда, жаңа қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі саяси және реттеушілік болжамдылықты қаншалықты арттырады?
— Инвесторлар мен халықаралық қоғамдастық үшін реттеушілік болжамдылық өте маңызды. Конституцияның 8-бабында меншік құқығының барлық түрлерін тану және оларға бірдей кепілдік беру — экономикалық тұрақтылықтың айқын белгісі. Бұрын ПИК (КСК) немесе кооперативтік меншік сияқты ортақ мүліктің құқықтық мәртебесі бұлдыр болса, енді бұл мәселелер нақты реттелді. Сонымен қатар, Адвокатура мәртебесінің конституциялық деңгейге көтерілуі мен «Миранда ережесінің» енуі – сот төрелігінің ашықтығын арттырады. Бұл кез келген азамат немесе кәсіпкер үшін құқықтық ортаның болжамды әрі әділ екенін дәлелдейтін «Due Diligence» стандарттарына сай қадамдар.
— Қазақстан басқарудың құқықтық негіздерін күшейтіп, билікті институционалдық тұрғыдан жүйелеуде. Бұл модель қазіргі заманғы саяси тұрақтылық пен ұзақмерзімді даму талаптарына қаншалықты сай келеді?
Бұл модель «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңдық шыңы. Парламенттің «Құрылтай» болып өзгеруі және Сенаттың орнына «Қазақстанның Халық Кеңесінің» құрылуы – биліктің халыққа барынша жақындағанын көрсетеді. 126 адамнан тұратын Халық Кеңесіне мәслихат депутаттарымен қатар қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдерінің кіруі – өңірлердің мұң-мұқтажының жоғары мінберде естілуіне кепілдік береді. Мұндай инклюзивті басқару моделі қоғамдық сенімді арттырып, ұзақмерзімді саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
— Конституциялық және институционалдық реформалар Қазақстанның Еуропалық одақтағы, Түркиядағы, Парсы шығанағы елдеріндегі және Азиядағы негізгі халықаралық серіктестері алдындағы имиджін қалай өзгертеді?
— Біздің халықаралық имиджіміз «реформатор мемлекет» ретінде нығая түседі. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілердің талаптарының Ата Заңға енгізілуі, дербес деректерді қорғау кепілдіктерінің күшеюі және сот шешімінсіз қамау мерзімін қатаң реттеу – озық халықаралық құқықтық стандарттармен үйлесетін қадамдар. «Құрылтай» атауының қайтарылуы – ұлттық тарихи сабақтастықты жаңғыртудың және дәстүрлі қоғамдық келісім институттарын заманауи мазмұнмен толықтырудың көрінісі.
Ең бастысы, референдум мәртебесінің «жалпыхалықтық» форматқа ауысуы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысуын күшейтіп, Қазақстанның демократиялық институттарды дамытудағы нақты ұстанымын айқындай түседі.
— Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар бағытын ішкі және сыртқы сын-қатерлер арасында теңгерім сақтай алатын, институционалдық тұрғыдан кемел мемлекет моделін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық курс деп айтуға бола ма?
— Иә, бұл — стратегиялық теңгерімнің классикалық үлгісі. Біз бір жағынан билік тармақтарын кәсібилендіріп, жауапкершілікті арттырсақ, екінші жағынан «Жер және оның қойнауы халыққа тиесілі» деген норма арқылы әлеуметтік әділдікті орнаттық. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы осы стратегиялық курстың жемісі. Реформалар Парламентті оңтайландырудан басталып, халықтың 10 мыңнан астам ұсынысының арқасында ауқымды Конституциялық бетбұрысқа айналды. Бұл – мемлекеттің қоғаммен бірге дамуға, ішкі сұранысқа құлақ аса отырып, сыртқы әлемде бәсекеге қабілетті болуға дайын кемел мемлекетке айналу жолы.