Caravan.kz медиа порталы сарапшының пікірін негізге алып, сараптап көрді.
Аталған реформа бір жағынан салықтық тәртіпті күшейтуді, екінші жағынан халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнеске белгілі бір жеңілдіктер жасауды көздейді.
Министрлік жариялаған тізімге сәйкес, 1100-ден астам қызмет түрінің 795-і жеңілдетілген режимнен айырылды. Олардың ішінде ірі бизнеске тән салалар да бар, атап айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, телекоммуникация, IT, қаржы және сақтандыру қызметтері, ірі сауда нысандары.
Сондай-ақ жылдық айналымы 600 мың АЕК-тен асатын кәсіпорындар, басқа заңды тұлғалардың үлесі 25%-дан көп компаниялар мен арнайы экономикалық аймақтардың резиденттері де «қара тізімге» енгізілді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қадам ірі бизнестің жеңілдетілген режим арқылы салықтан жалтаруына тосқауыл қою үшін жасалған.
«Кімнің айналымы үлкен, соған тиісті мөлшерлеме жүктелуі керек. Осылай әділеттілік орнайды», – дейді салық саласының маманы Айжан Балакешова.
Ал шағын және орта бизнеске арналған жаңа жеңілдетілген режим бұрынғы екі модельді, яғни, жеңілдетілген салық пен бөлшек сауда салығын біріктірген жаңа «гибрид» түрінде ұсынылды.
Оның базалық ставкасы – 4 пайыз. Мәслихатта бұл мөлшерлемені 2–3 пайызға дейін төмендету немесе 5–6 пайызға дейін көтеру құқығы берілді. Жылдық айналымның лимиті 600 мың АЕК немесе 2,4 млрд теңге көлемінде белгіленді.
Бұл жүйені негізінен халыққа тікелей қызмет көрсететін B2C секторындағы кәсіпкерлер пайдалана алады: шағын дүкендер, интернет-дүкендер, қонақүй мен тамақтану орындары, жолаушы тасымалы, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, медициналық, әлеуметтік қызметтер, балабақшалар, тұрмыстық қызметтер мен шығармашылық индустрия.
Экономистердің пікірінше, мұндағы басты мақсат – инфляциялық қысымды халықтың мойнына түсірмеу.
«Жаңа шектеулер мен базалық 4 пайыздық мөлшерлеме тұтынушыға қызмет көрсететін кәсіп иелеріне жеңілдік. Бұл халыққа бағаның шектен тыс көтерілмеуі үшін жасалған қадам», – дейді сарапшы.
Сонымен бірге реформа өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бөлек режим ұсынады. Оларға 46 түрлі қызмет саласында жұмыс істеуге рұқсат етілді: аяқ киім мен тұрмыстық техника жөндеу, такси, пәтер жалға беру, сұлулық салондары, фотография, үй тазалау, репетиторлық пен спорт жаттықтырушылығы.
Негізгі талап – жалдамалы жұмысшы ұстамау. Айлық айналым 300 АЕК-тен аспауы тиіс, ал салық мөлшерлемесі 4 пайыз көлемінде белгіленіп, әлеуметтік төлемдерге бөлінеді. Бұл режим бойынша есеп тапсырудың қажеті жоқ. Осылайша, шағын кәсіппен айналысатындар үшін қарапайым әрі ыңғайлы мүмкіндік жасалды.
Дегенмен, жаңа жүйе бірқатар сұрақ туындатып отыр. Аймақтарға берілген салық ставкаларын өзгерту құқығы кәсіпкерлерді алаңдатуда. Егер бір облыс максималды 6 пайыз енгізсе, бизнес оңай жолмен басқа өңірге тіркеліп кете алады.
«Жергілікті билік мұны ескеруі тиіс, не салық төлеушілердің санын көбейтіп, төмен мөлшерлемемен ұстайды, не жоғары ставканы таңдап, біразынан айырылып қалады», – дейді сарапшы Айжан Балакешова.
Тағы бір мәселе – есептілік. Жалпыға бірдей режимде бухгалтерлік есеп міндетті түрде қажет болады, ал жеңілдетілген режимде тәжірибесіз кәсіпкерлер қиналуы мүмкін. Сондықтан көптеген жағдайда кәсіби кеңесшілердің көмегіне жүгінуге тура келеді.
Жалпы, реформа қоғамда алғашында қорқыныш туғызғанымен, қазір қағаз жүзінде дұрыс қадам сияқты көрінеді. Үлкен бизнес салықты көбірек төлейді, ал шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға икемді шарттар жасалып отыр. Негізгі мәселе, енді осы жаңа ережелердің практикада қалай іске асатынында болып отыр.