Жанармай бағасы 450 теңгеге жетуі мүмкін бе? - kaz.caravan.kz
  • $ 479.02
  • 551.11
+11 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жанармай бағасы 450 теңгеге жетуі мүмкін бе?

Жанармай бағасы 450 теңгеге жетуі мүмкін бе?

Бағаның өсуіне не әсер етеді және алда жүргізушілерді не күтіп тұр?

  • 18 Наурыз
  • 90
Фото - Caravan.kz

Жанармай бағасы біртіндеп қымбаттап жатыр. Әзірге барлық түріне әсер еткен жоқ, десе де сарапшылар бұл ұзаққа созылатын үрдістің бастамасы екенін айтады. Бағаның өсуіне әлемдегі геосаяси ахуалдан бастап, ішкі нарық реформаларына дейінгі бірнеше факторлар ықпал етуде. Осы ретте жанармай бағасы қаншалықты қымбаттауы мүмкін? Халық пен экономикаға тигізер әсері қандай? Сарапшылардың пікіріне сүйеніп Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық ықпалы

Баға өсіміне әсер еткен негізгі себептердің бірі — Таяу Шығыстағы шиеленіс. Әсіресе әлемдік мұнай жеткізілімдері үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы төңірегіндегі тәуекелдер ерекше назарда. Аталған теңіз жолы арқылы әлемдегі мұнай көлемінің шамамен бестен бірі тасымалданады. Сондықтан транзитке қауіп төнуі немесе жеткізілімнің уақытша тоқтауы бірден мұнай бағасына әсер етеді.

Соңғы апталарда мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтеріліп, кейін 102 долларға дейін төмендеді. Қысқа мерзімді бұл құбылудың өзі мұнай өнімдері нарығына, соның ішінде Қазақстандағы жанармай бағасына әсер етуге жеткілікті болды.

Бензин бағасы қай өңірде қымбат

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, ақпан айында АИ-95 бензинінің орташа бөлшек бағасы литріне 308 теңгеге жеткен.

  • Ең жоғары баға Алматыда байқалды — шамамен 320 теңге.
  • Астана, Жезқазған және Петропавл қалалардында — 309–312 теңге аралығында.
  • Оңтүстік және Батыс өңірлерінде баға салыстырмалы түрде төмен — 284–300 теңге шамасында.

Ал премиум сегментке жататын АИ-98 бірден 4%-ға жуық қымбаттап, 334 теңгеге дейін өсті. Кейбір қалаларда, соның ішінде Алматы мен Талдықорғанда, оның бағасы 360 теңгеге дейін жетті.

Батыс пен Шығыс аймақтарында дәстүрлі түрде жанармай арзанырақ: Ақтау, Өскемен және Семейде баға 328 теңге төңірегінде сақталған.

Автокөлік иелерінің бір бөлігі жанармай қымбаттағанын әлі сезбеген. Себебі сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бағасы әлі де мемлекеттік реттеуде. Ірі қалаларда аталмыш түрі 237–239 теңге деңгейінде сатылуда. Ал Шымкент, Павлодар және Қостанай сияқты қалаларда 223 теңге, Атырауда  218 теңге. 

Мұндай тұрақтылық өткен жылдың күзінде енгізілген бөлшек бағаларды өсіруге арналған мораторийдің арқасында сақталып отыр. Алайда бұл шара бірінші тоқсанның соңында аяқталады. Демек, жақын арада нарықтағы жағдай өзгеруі мүмкін.

Мораторий аяқталған соң баға қалай өзгереді

Сарапшылар көктемнен бастап жанармай бағасы біртіндеп көтеріледі деп күтеді. Болжам бойынша өсім ай сайын 3–5 теңге шамасында болуы ықтимал.

«Бағаның өсуі жалғасады. Бізде жанармай құны басқа көрші елдермен салыстырғанда төмен. Мұнайлы ел мәртебесі үшін арзан бензин жақсы шығар, алайда оны шектен тыс тұтынуға жол берілмеуі керек», — дейді сарапшы Олжас Байділдинов. 

Экономистер қазіргі баға қалыптастыру жүйесін теңгерімсіз деп бағалайды. Себебі:

  • АИ-92 бағасы іс жүзінде субсидияланып, мемлекет тарапынан реттеледі;
  • АИ-95 пен АИ-98 бағасы нарықтық тетіктерге көбірек тәуелді.

Соның салдарынан жанармай түрлері арасындағы айырмашылық шамамен 30%-ға жетіп отыр.

ЕАЭО нарықтарын біріктіру — негізгі ұзақ мерзімді себеп

Жанармай бағасының өсуіне әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі — Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы отын нарықтарын біріктіру процесі. Бағаны теңестіру 2027 жылғы 1 қаңтарға жоспарланған. Бұл Қазақстанда жанармай құны көрші елдердегі деңгейге біртіндеп жақындайтынын білдіреді.

Толық нарықтық теңестіру жағдайында баға 70–90%-ға дейін өсуі мүмкін. Мәселен, қазіргі уақытта АИ-92 шамамен 239 теңге тұрса, болашақта оның бағасы 450 теңгеге жуықтауы ықтимал деген болжам бар.

Бензин бәрібір қымбаттайды

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мұнай өндіруші ел болғанына қарамастан, жанармай бағасы өңірдегі ең төмен деңгейлердің бірі болып отыр.

Мысалы:

  • Қырғызстанда АИ-92 385 теңгеге жуық;
  • Өзбекстанда 400-500 теңге аралығында.

Ал Ресейдегі бағамен салыстыру объективті емес деп саналады. Онда жанармай өндірушілерге мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар беріліп, баға жасанды түрде ұсталып отыр.

Бензин қымбаттаса, экономикада не өзгереді

Жанармай — бүкіл логистикалық жүйенің негізі. Сондықтан оның қымбаттауы басқа салаларға да тікелей әсер етеді.

Сарапшылар мынадай салдарларды атап өтеді:

  • тасымал шығындарының өсуі;
  • азық-түлік пен тұтыну тауарлары бағасының көтерілуі;
  • инфляциялық қысымның күшеюі.

Сонымен қатар дизель отыны, авиациялық керосин және мұнай өнімдерінің басқа түрлері де қымбаттауы мүмкін.

Бейімделу кезеңі: бағаны біртіндеп көтеру стратегиясы

Сарапшылардың айтуынша, билік жанармай бағасын бірден емес, кезең-кезеңімен өсіру тактикасын таңдаған. Бұл халық пен бизнеске түсетін салмақты жеңілдетуге бағытталады. Десе де сарапшылар бағаны бірден нарықтық деңгейге жеткізу дұрыс деп санайды.

«Бағаны бірден өзгерту ауыр болуы мүмкін, себебі инфляциялық қысым күшейеді. Бірақ оны ұзақ уақыт бойы ақырындап көтеру халық үшін одан да ауыр сезілуі мүмкін», — дейді сарапшы Арман Бейсембаев.  

Қанша десек де, жанармай бағасының өсуі — жаңа экономикалық жағдайға бейімделуге әкелмек.