Жаңа дәуірге қадам басқан Қазақ елі - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаңа дәуірге қадам басқан Қазақ елі

Жаңа дәуірге қадам басқан Қазақ елі

Кімнің болса да басы артық заты жоқ, бәрі өз ретімен жайғасқан, барынша адамның игілігіне бейімделген жәйлі үйде тұрғысы келеді.

  • 8 Маусым 2011
  • 598
Фото - Caravan.kz

Дегенмен жұрттың бәрі мұндай мамыражай тұрмыс кешуге икемді емес. Өйткені, ол табиғи дарындылықты және көп нәрсені үйреніп игеруді қажет етеді. Сондықтан, ежелгі гректер мұны «экономика», яғни үйді, шаруашылықты басқару өнері деп таныған.

Осы ретте Қазақстанды әлемнің басқа мемлекеттерінен ерекшелендіріп тұрған бір тұс бар. Ол Қазақстан экономикасының тиісті дәрежеде сауатты құрылғаны және кез келген сынаққа төтеп беруге қабілеттілігі өте жоғары екендігі жөніндегі бірқатар әлемдік халықаралық институттардың беріп отырған бағасы. Мәселен, Ресейдің «Дағдарыстан кейінгі әлем институты» қоры әлемнің 51 елінің 223 сарапшысының сауалдамасына сілтеме жасай отырып, Қазақстанның бүгінде дағдарыстан кейінгі әлемдегі «жаңа басты кейіпкерге» айнала бастағанын ескертеді.

Бұл кездейсоқ емес. Біздің еліміз ТМД-да ең алғашқылардың қатарында дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдап қана қоймай, оны жүзеге асыруға барынша мол қаржы салды. Міне, осындай нағыз шешуші тұста кезінде жинақталған қаржының көмегі тиді. Соның арқасында Қазақстан дағдарыс ауыртпалығын аса сезіне қойған жоқ. Қазір белгілі болып отырғандай, әлемде 50 мемлекет банкроттық шегіне жетсе, енді бірқатары банкротқа ұшырады. Қазақстанның болашақта аймақтық қаржы орталығына айналу мүмкіндігіне мына бір факторлардың да елеулі әсер еткені анық. Біріншіден — Президент Н.Назарбаевтың әлемдік қаржы жүйесін реформалау туралы бастамасы. Екіншіден — біздің 2007-2009 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы саясатымыздың табыстары. Үшіншіден — Қазақстанның Халықаралық валюта қорына тәуелді еместігі. Төртіншіден — Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының бейбіт доктринасы мен көпбағыттылығы.

Бір сөзбен айтқанда, қазір біздің еліміздің жаңа өнеркәсіпті елдердің көшбасшысы болуына толық мүмкіндігі бар. Осы бір ахуалды ескере отырып Қазақстан экономикалық ресурстардан инновациялық экономикаға көшуге бет бұруда. Нақты іс-қимылдар да жоқ емес. «Жаңа индустрияландыру» президенттік бағдарламасы соның бір куәсі іспетті. Жаңа индустрияландыру саясатының ерекшелігі сол, ол бірден-бір инновациялық бағытта өрбиді, ал бұл ел экономикасын жалпы әлемдік тұрақсыздық жағдайында шапшаңырақ қалпына келтіруге игілікті ықпал ететін болады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында отандастарын экономиканың одан әрі дамуы үшін берік тұғыр қалауға шақырды. «Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз», — деп атап өтті Елбасы. Расында да, өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының басындағы мемлекеттің өміріндегі ең ауыр сындарлы кезеңге бір сәт көз жүгіртіп көрсек. Ол кез қуатты Кеңес Одағы құлап, біз шын мағынасында ұлы империяның үйіндісінің астында қалған жағдайда едік. Кәсіпорындар тоқтап, мыңдаған адамдардың көшеде қалуы, бос сөрелер, шеті мен шегі жоқ кезектер, ақшаның құнсыздана түсуі, инфляцияның жылына мыңдаған пайыздарға жетуі сол бір кездердің үйреншікті құбылысы болатын. Жаппай жетіспеушілік. Тіпті кір сабынның өзі халыққа талонмен берілгені әлі есте. Жұрттың көбі дүкендер сөрелерінде бағасы ұшып тұрса да, тауар болса екен деп армандағанын да ұмыта қойған жоқпыз. Менің бір танысымның көптеген кәсіпорындар тоқтап тұрған сол кезде: «Көшеге шыққанда шіркін зауыт мұржасынан түтін шықса екен деп тілеймін. Адамдар еңбекақысын, қарттар зейнетақысын алар еді, халықтың тұрмысы түзелер еді», — дегені бар.

90-ыншы жылдардың соңындағы азиялық қаржы нарығы тудырған әлемдік дағдарыс салдары да еліміз үшін оңай тиген жоқ. Мұнай бағасының бір баррелі тоғыз долларға дейін төмендеді. Жұрттың зейнетақысын, жәрдемақысын, еңбекақысын төлей алмаған кездеріміз болды.

Мінеки, осылардың бәрінен халықтың ауызбіршілігінің, күш-жігерін жұмылдырудың, ел басшылығының дұрыс және сарабдал шешімдерінің арқасында ғана шығып, еңсе тіктей алдық. Қысқа мерзімнің ішінде түбегейлі экономикалық реформалар іске асты, нарықтық экономиканың негіздері жасалды, ауқымды жекешелендіру жүргізілді, жеке сектор жанданды, ұлттық валюта енгізілді, экономикалық құрылымда сервис пен тұтыну секторының үлестері күрт өсті, қандай да бір тауардың «жетіспеушілігі» деген ұғым келмеске кетті. Ең бастысы, адамдардың санасында тың серпіліс пайда болды және кеңестік жылдарда тұмшаландырылған бұқараның кәсіпкерлік жігерінің оянуына мол мүмкіндік туды.

Шындап келгенде, бұрынғы кеңестік дәуірді басынан өткерген елдерде экономиканы реформалау үдерістері бұрын-соңды бұл тұрғыдан тәжірибе болмағандықтан әрі-сәрі күйде жүргізілсе, қарапайым халық нарыққа көшу жағдайына мүлдем дайын емес еді. Олай болса тәуелсіздік алған тұста не нарықтық экономиканың заңдылықтарын, не халықаралық жағдайдың нақты ережелерін бағамдай қоймаған әрі қандай да бір сыртқы саяси тәжірибесі жоқ жаңа мемлекеттер басшыларының нендей күй кешкендерін түсіну қиын емес. Міне, осындай бір күрделі кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туған елінің миллиондаған адамдары үшін жауапкершілік тізгінін өз қолына алды және қырық атан түйеге жүк боларлық бұл міндетті тамаша атқара білді. Батыстық инвесторлармен алғашқы келісімшарттардың жасалуы мәселен оның жеке басының зор беделі мен сіңірген еңбегінің бір өтеуі ғана.

Назарбаевтың КСРО кезінің өзінде «Шевронды» Қазақстанға «өткізуге» Горбачевтің көзін жеткізіп, тікелей келіссөздер жүргізуге келісімін алғанын екінің бірі біле бермес. Сол тұста ешкім де Қазақстанға құлшынып тұрмаған еді. Н.Назарбаев туабітті менеджер, өз мемлекетінің бас промоутері және бас ньюс-мейкері ретінде бізге деген сенімсіздік пен қорқынышты сейілте білді, сөйтіп, елімізге инвестициялар әуелі кішкене көлемде, кейін қуатты ағынмен құйылып, ұлттық өнеркәсіпті аяғына тік тұрғызуға молынан мүмкіндік берді. Бүкіләлемдік банктің бағалауынша, бүгін Қазақстан инвестициялық жағынан барынша тартымды саналатын әлемнің жиырма елінің қатарына кіріп отыр. Ал қазақстандықтар үшін мұнайдың не бергені және оның болашақта не беретіні жөнінде арнайы мақала жазуға тура келеді. Сондықтан мен мына бір жағдайды ғана ескерте кетсем деймін. «Қазынаны құдай жасайды, бірақ оны игеру, қоғам игілігіне айналдыру мәселесі нақты адамға байланысты», — деп тегін айтылмаған. Әрине, бұл кез келген адамның қолынан келетін іс емес. Ол үшін шынайы беделді Тұлға және осы тұлғамен бедерленетін Мемлекет қажет. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың дарабоздығы мен шоқтығының биіктігі ешқандай талас туғызбайды.

Н.Назарбаевтың сіңірген зор еңбегі, сондай-ақ елдің ішкі және сыртқы проблемаларын өз халқының мүддесі мен мұқтаждары тұрғысынан байсалды шеше білуінде. Бір ғана мысал. Өркениет тарихында қырғынға ұшырататын қарулардың бастамашысы болған, сөйтіп «жоқ жерден жау іздеген» мемлекет басшылары жеткілікті. Ал адамзаттың ядролық қарудан өзінің еркімен бас тартудың алғашқы өнегесін тұңғыш рет біздің Президентіміз көрсетті. Бұл көшбасшысы мен халқы бірлесе отырып ядролық қарусыз мәртебеге таңдау жасаған әлемдік тәжірибедегі ең алғашқы және бірегей жағдай. Ең бастысы, бұл таңдау мемлекет дамуының тұрақты стратегиялық желісіне айналды.

Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері Н.Назарбаев көптеген перспективалық саяси идеялар мен бастамаларға мұрындық болып келеді. Атап айтқанда, ол ТМД құрылуының бастауында, «Орталық-Азия Ынтымақтастығы» ұйымы, Кедендік одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты құрылымдардың бастамашысы болды. Сонымен қатар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨІСШК) және 2003 жылдан бері Астанада жүйелі өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін де Назарбаевтың ықпалдастық бастамаларына батыл жатқызуға болады. Еліміз халықаралық аренада да ауыз толтырып айтатындай табыстарға қол жеткізді. Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып отыр. Бұған ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз және осы беделді ұйымның он бір жылғы үзілістен кейін 2010 жылдың желтоқсанында өткізілген Астана саммиті айқын дәлел.

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдерінің кейбірінде орын алған ұлысаралық жанжалдарға, ішкі және мемлекетаралық қақтығыстарға жол бермеген, сөйтіп қазақстандықтардың шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп, халықаралық қоғамдастық тарапының таңданысын туғызған бірден-бір мемлекет басшысы. Мұның өзі, түптеп келгенде, мемлекеттің саяси салмағы жерінің аумағымен немесе халқының санымен ғана өлшенбейтінін көрсетсе керек. Бұл ең бірінші еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайырлы да салмақты саясатының заңды жемісі.

Мына бір жайтқа назар аударғым келеді. Көбіміз күнделікті қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүріп, жақсы өзгерістерді солай болуы қажет сияқты қабылдаймыз. Көптеген ұстанымдардан айқын байқалатын Қазақстанның әлемдік үдерістердегі көшбасшылық рөлін де өзгеше болуы мүмкін еместей көреміз. Ал, шындап келгенде, қарапайым үдерістер іспетті көрінетін мұндай ахуалдың астарында Мемлекет басшысының және оның серіктерінің орасан зор қажыр-қайраты мен жанқиярлық еңбегі жатыр.

Мәселен, мені халықаралық дәрежедегі ұтқыр саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық кездесулерде қиядан жол таба отырып, дәйекті парасат-пайымымен өз елінің мүддесін аса ыждағаттылықпен қорғай білетіні марқайтады. Тоқаевтың таза ағылшын тілінде мөлдіретіп сөйлегенін көрудің өзі, ал қытай тілінде берілген сұрақтарға оның қиналмастан сол тілде жауап қайтарулары қандай ғанибет десеңші. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тажиннің, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың қазақстандық қоғамның күрмеуі мол өзекті мәселелерін шешудегі көп қырлы қызметіне де риза боласыз. Үкіметтің басшылығына Кәрім Мәсімовті қалдыруы Президенттің тағы да бір ұтымды шешімі деп санаймын және бұл пікірмен көпшілік келісер деген ойдамын. Әлдебір жымысқы ойлы адамдар ғана біздің Премьер мен оның Үкіметінің мүшелері әлемдік экономика құлдырауының елімізге әсерін еңсеруде күні-түні жұмыс істеп жатқанын байқамауы мүмкін. Шынтуайтында, Министрлер Кабинетінің шалымды жұмысының арқасында осынау құбылған заманда құбылысынан жаңылмай, елімізде жіті жұмыстар істелінуде, сондықтан да мемлекетіміз әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, сөйтіп бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарынан көрінетін болады деп, кәміл сеніп айта аламын.

Иә, билік басындағылардың халық сенімдерін ақтауы үшін тынымсыз жұмыс істеуі тиіс екені сөзсіз. Бұл — даусыз шындық. Сонымен қатар біздің әрқайсымыз да ортақ істен шет қалмай, азаматтық ұстанымымызды таныта білуіміз қажет. Негізі бәрімізде әлеует жеткілікті. Тек, осы мүмкіндікті әркім өз шамасында пайдалана бермейді. «Бізден де басқа ойлайтындар бар, солар істесін», дейтін пендешілік те қылаң береді. «Үкімет өлтірмейді» деген масылдық пиғылдан толықтай арыла алмай жүрген жәйіміз де жоқ емес. Бұл жөнінде осыдан төрт жылдай бұрын «Ана тілі» газетінде (12 шілде, 2007 ж.) сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжана Қарағұсова мына мәліметтерді келтірген болатын: «Біз елімізде он бес жыл бойы жұмыс істемеген 180 мың адамның бар екенін анықтадық. Бұл — статистикалық мәлімет емес. Министрлік арнайы зерттеу жүргізіп, Қазақстанның әлеуметтік картасын жасады. Бүгінде жұмыссыздар халқымыздың 8 пайызын құрайды. Бірақ үш жылдан бері жыл сайын 21 мың еңбек орны бос қалады. Ақиқатын айтсақ, елімізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қалыптасты». Ал әлеуметтік көмектер болса халықты тек енжарлыққа тәрбиелейтіні, адамның жұмыс істеуге деген ынтасын өшіретіні белгілі. Мәселен, АҚШ-та бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері тек қана әлеуметтік жәрдемақылар арқылы күн көріп жүрген екі миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк те шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды. Және де мұны кездейсоқ деп айта алмайсың. Өйткені, талайлардың көкірегіне сан жылдар бұрын қадалған шірік шегені шығару әсте оңай шаруа емес. Ол үшін ар-ождан түбегейлі тазару қажет. Жаратылыс мақсатына қарай бет бұрмай, адам өзінің болмысын сақтай алмайтынын әрбір азамат жете түсіну керек. Сонымен қатар, қоғамда кез келген келеңсіз көріністерге төзбеушілік ахуалын қалыптастыратын тетіктер ойластырылса құба-құп болар еді. Айталық, көрнекі құралдар арқылы заң бұзушылыққа жол бергендер туралы, заңды елемеушіліктің түбі неге әкеліп соғатыны жәйлі ашып көрсететін нақты мәліметтер беріліп отырса…

Яғни, бәріміз бірлесе келе өзіміздің ортақ үйімізді жайластыра білуіміз, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика сияқты келеңсіз көріністердің тамырына балта шабуға тиіспіз, ал ол үшін қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтардың дәнін егу қажет.

Бұл арада тәрбиенің мәні мен маңызы тұрғысында айтпасқа болмайды. Кезінде халқымыздың көрнекті өкілдерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Тәрбие» деген мақаласында «Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хәкім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Міне, тәрбиенің зор ғылым екендігіне, адам баласын бұзатын да, түзейтін де тәрбие екендігіне дәлел осы», деп жазуы тегін емес.

Рухани құндылықтарды адам өз бойына жас шағынан сіңіре бастайды. Осындайда балалық шағым есіме түседі. Өзінің талайлы тағдырында ауыр тұрмыстың дәмін бір кісідей татып, жақсыны да, жаманды да біраз көрген менің ата-анам біздің бойымызға кісіліктің ізгі қасиеттерін сіңіруге ұмтылды. Кейін байқағанымдай, күн сайынғы көзге онша көріне бермейтін қарапайым адамдардың іс-әрекеттері шындап келгенде жоғары адамгершіліктің үлгісі екен және оған әлденеше мәрте көзім жетті. Әлі есімде, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында бізден теміржолмен арнайы вагондарға артып, басқа аймақтарға пресстелген шөптерді жөнелту қажет болды. Бұл жұмысқа біраз адам жегілді, ал ақысына сол шөп белгіленді (шарт бойынша берілуге тиіс шөптің мөлшері тиелген вагонның санына қарай байланысты болды). Ел болғасын әртүрлі адамдар бар. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып, артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді әкем тыйып тастап отыратын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұдан өткен күнә жоқ. Адамды алдауға болар, Құдайды алдай алмайсың!» деген сөздері мәңгі есімде қалыпты.

Иә, ар-ұжданмен өмір сүріп, қоғам игілігі үшін еңбек етуге не жетсін. Ендеше осы бір қағидатты берік ұстана отырып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтассақ қана, алдымыздағы ұлан асулар мен биік белестерді ойдағыдай еңсере отырып, тұрақтылық пен татулыққа негізделген сарабдал жолымызды табанды түрде жалғастыра береміз!

Соңғы жаңалықтар