Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп заттарының саудасы қыза бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп заттарының саудасы қыза бастады

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп заттарының саудасы қыза бастады

Жаңа оқу жылына дайындық сауда орындарында да қызып тұр. Ал мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасы әдеттегідей қымбаттай түскен. Мұны саудагерлер сұраныстың көбеюімен байланыстырып отыр. Қазір бір оқушының өзін мектепке дайындау үшін кемі 50 мың теңге жұмсалады. Бұл бірнеше баласы бар ата-ана үшін үлкен шығын. Ал мұндай қаржыны қалтасы көтермейтін отбасындағы оқушылар білім ұясына жұрттан қалған киім-кешекті киіп баруға мәжбүр.

  • 21 Тамыз 2015
  • 511
Фото - Caravan.kz

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда, базарлар мен дүкендердегі сауда қыза түскен. Әдетінше, мектеп құралдары мен киім-кешек бағасы да шарықтап тұр. Баласын көштің арты болмасын деген ата-ана құнына қарамай, қымбат тауарды сатып алуға мәжбүр.

Сәуле Көлбаева, тігін фабрикасының өкілі:

—  Бұл – классикалық үлгідегі костюм-шалбар. Бағасы 8500 теңге. Ал, желеті бөлек сатылады. 13 жастан асқан оқушыларға арналған киімнің бағасы 11 мың теңгені құрайды.

Бұл тек мектеп формасының құны ғана. Бұған аяқ қиім, қол сөмкесі мен оқу-құралдарын қосыңыз. Баға былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал, Көлтай Жұмаділова қыркүйек жақындаған тұста немерелерін мектепке жинағандардың бірі. Бүгін екі оқушыны дайындау үшін ол 120 мың теңге көлемінде қаржы жұмсаған.

Көлтай Жұмаділова, Алматы қаласының тұрғыны:

—  Мына қызға 60-70 мыңдай кетті. Кіші немереме енді кітаптарыменен, дәптерлеріменен, киімдеріменен барлығы 50-60 мыңдай кетті. Былтыр қызымызды 30-40 мыңға киіндірсек, биыл өсті кішкене. 10-15 мың 20 мыңдай өсті.

Ал көпбалалы отбасылар үшін оқушының керек-жарағын дайындау тіптен қиын. Қазір қалада мұндай шығынды қалтасы көтермейтін отбасыларға еріктілер қоймасы көмек көрсетіп жатыр. Олар жұрттың кимейтін киім-кешегін жинап, мұқтаж отбасыларға таратады. Көпбалалы Мәдина Мұқашева осындай көмекке ие болғандардың бірі. Биыл оның қос қызы мектеп табалдырығын аттамақ.


Мәдина Мұқашева, Алматы қаласының тұрғыны:

—  Бұрын киілген киімдер болса да, сапасы жақсы, ұқыпты киілген. Жыртылған жерлерін тігіп аламыз. Мектепке 4 баланы бірден дайындауға шамам келмесі анық. Мұндай көмек болмаса, бұларды сабаққа қалай жіберетінімді де білмеймін.

Отбасының айлық кірісі 100 мың теңге. Оның 60 мыңын жалдап отырған пәтерлеріне төлейді екен. Қалған қаржыға енді Мәдина балаларына оқу құралдарын алып береді. Ал шарықтап тұрған баға жылдағыдай мектепке дайындық маусымы аяқталғаннан кейін қалпына келмек.

Соңғы жаңалықтар