Іс-шараны Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Кәлетаев ашты. Қазақстан тарапынан онлайн режимде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Сарым мен саясаттанушы Т.Қалиев қатысты,деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Украина тарапынан – Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты, «Украина-Қазақстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі С.Нагорняк, Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты А.Герус, Украинаның сауда және өнеркәсібі палатасының вице-президенті В. Корол, Украинаның Ұлттық ғылыми академиясының И.Ф. Курас атындағы Саяси және этноұлттық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Р.Балабан, саясаттанушы И.Рейтерович және т.б. қатысты.
Іс-шара барысында қазақстандық сарапшылар Қазақстандағы саяси реформалар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты А.Сарым Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды құрудың жаңа моделі, тиімдірек жұмыс істеу үшін Мәжіліс регламентін өзгерту, 2022-2023 жылдардағы сайлау үдерістерінің қорытындылары туралы және Мемлекет басшысы белгілеген Үкімет пен Парламенттің алдағы міндеттері туралы айтты.
Саясаттанушы Т.Қалиев Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгертулер, Конституциялық Соттың қызметін қалпына келтіру, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін беру, саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерді дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістерге шолу жасады.
Украиналық сарапшылар Қазақстандағы саяси қайта құруларды, атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді дамытуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады.
Украина Жоғарғы Радасының халық депутаттары С.Нагорняк пен А.Герус қазақстандық тарапқа көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыстарын білдірді, қазақстандық бизнесті Украинаны қалпына келтіруге белсенді қатысуға шақырды. Қазақстандағы саяси үдерістерге, атап айтқанда, сот жүйесіндегі реформаларға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтерді қалыптастыруға үлкен қызығушылық танытты.
Украинаның Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті В.Корол сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы айтты. Ол логистикадағы қиындықтарға қарамастан, Украина мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы (Украина статистикасы бойынша) 800 миллион долларға жеткенін атап өтті. Украин тарапы көмірсутек секторы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі және т.б. салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
Іс-шараның қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар өзара іс-қимылдың әртүрлі салаларында Қазақстан-Украина қарым-қатынастарын дамыту мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.