Бүгін таңның атысымен шекараға келіп, бірнеше сағат бойы ашық аспан астында қақпаның ашылуын күткен жұрт осылайша бекетті бұзып-жара өтуге әрекет жасады. Күннің ыстығынан кейбірі есінен танып қалған. Бірақ шекарашылар қол ұшын созуға асыға қоймапты. Жұрттың жедел жәрдем шақырту жайлы өтініштеріне құлақ аспағаны былай тұрсын, бір жұтым су беруді сұрағандарға шлангпен су шашқан. Мұндай дүрбелең кеден қызметінің шекарашыларға қажетті құрал-жабдықтарды дер кезінде өткізбегеніне байланысты болып отыр екен. Рентген құрылғысы, жүкті тексеру, тіркеу және сканерлеу аппараттары әлі күнге дейін тапсырылмапты.