Жарияланды: 840

«Жаңа технологиялардан қалып қоймау – бүгінгі күннің басты талабы ма?

Кеше Тәуелсіздік сарайында 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының жұмысы әрі қарай жалғасты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңа технологиялардан қалып қоймау - бүгінгі күннің басты талабы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, форумның түске дейінгі пленарлық отырыстарында Шексіз мүмкіндік үшін инновациялық технологияларды қолдану; Инфрақұрылымды дамыту: болашақтағы инвестициялар; Шағын және орта

бизнестегі инвестициялар: экономикалық дамуға ықпалы; Азық-түлік қауіпсіздігі: сауда мен әлеуметтік қажеттілік арасындағы баланс; Халал: әлемдік экономикалық жүйедегі халалдың әлеуеті және баламалы энергия түрлері: таза, жасыл, қауіпсіз деген тақырыптар бойынша мәселелер ортаға салынып, пікірлер алмасылды. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротовпен кездесті. Кездесу барысында Қ.Мәми биылғы 15-17 мамырда Санкт-Петерборда өткен, Сенат делегациясы қатысқан ТМД және ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары мен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы іс-шараларының қорытындыларын жоғары бағалады. Төрағаның пікірінше, ТМД елдері парламентшілерінің өзара тығыз іс-қимылы Достастық мемлекеттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсуге ықпал ететін болады. *** «Іле Алатауындағы Медеу шатқалында 17 мамыр күні болған дүлей дауылдың зардаптарын қалпына келтіру жұмыстарын бақылау мақсатында кеше Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков, Орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев жұмыс сапарымен Алматыға келді», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның мәліметтеріне сәйкес, сыңсыған шыршаларынан айырылып, жалаңаштанып қалған тау беткейлерін бұрынғы қалпына келтіру үшін аз дегенде елу, әйтпесе жүз жыл уақыт керек. Ал беткейлерін құлаған шыршалардан тазартуға тікұшақ ыңғайлы-ақ, бірақ оны пайдалану бізге қымбатқа түсейін деп тұр. Тікұшақтың бір сағат жұмыс істегеніне жарты миллион теңге сұрайды. Париждегі «Ролан Гаррос» турнирі аяқталған бетте теннисшілердің дүниежүзілік рейтингіне қайта өзгеріс енгізілді. Жасыратыны жоқ, «Үлкен дулыға» санатына жататын дүбірлі додада жақсы өнер көрсеткендердің мәртебесі біршама өсті. Олар мол көлемде сыйақы алумен қатар, сайыс кестесіндегі жағдайларын әжептәуір жақсартып алды. Қазір олар үлде мен бүлдеге орануда. Ал аталмыш жарыс барысында сәтсіздікке ұшырағандар, керісінше, бүгінгі күні бармақтарын тістеп отыр. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Көш басында - күштілер» деген мақаладан біле аласыздар. *** «Байқоңыр» мәселесі, ондағы Алаш азаматтарының Конституциямен кепілденген құқын қорғау жайы сөз болған Сенаттың кешегі отырысында елдің егемендігіне қатысты әңгіме біраз жерге барып қалды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы талқылау барысында сенатор Қуаныш Сұлтанов бастаған халық қалаулылары құжаттың нормасы «ел егемендігіне нұқсан келтіреді» деп шырылдап баққан. Әйтсе де палатаның басым көпшілік депутаты «түк те етпейді» дегенге салып, құжатты қабылдатып тастапты. Бұл жайында тереңірек «Сенаторлардың Байқоңырға емес, ресейлік қылмыскерге жаны ашығаны қалай?» деген мақаладан оқисыздар. Тұмау деген дерттің өзі неше атасы бары белгісіз. Белгілісі сол - аурудың бұл түрі әр жылы әрқилы сипатта келетіні. Бірақ біздің айтпағымыз ол емес. Айтайын дегеніміз, суық тиіп немесе вирус жұқтыру арқылы тұмауратып қалсаңыз, мұрныңыз бітіп, құлағыңыз тұнатыны, кейде оған жұтқыншағыңыз да ісініп, бір жағынан қосылатыны бар. Мұндайда еріксіз ауруханаға барсаңыз, айтуға тіл күрмелетін оториноларинголог деген маманға жібереді. Ауыз-құлақ-мұрынды төңіректейтін аурулардың арнайы дәрігері - осы. Әлбетте, бұл дәрігер тұмауды емдейді деп түсінуге болмайды, ол адамның жалпы осы мүшелеріне қатысты ауруларға маманданған дәрігер. Кеше Астанада осы отандық оториноларинголог дәрігерлер бас қосып, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы I съезін ашты. Аталған алқалы жиын жайы «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Атауы тіл күрмейтін дәрігерлер сьезі ашылды» деген мақалада кеңінен баяндалған. *** «Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Бас хатшысы - Хатшылық кеңесінің жетекшісі Михаил Кротовты және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Бас хатшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламентінің ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ ПАА және ҰҚШҰ ПА өкілі Халел Бәкеновті қабылдады. М.Кротов Мәжіліс Төрағасын ТМД ПАА Бас хатшысының Қазақстанға жасаған сапары ба­рысында қол қойылуға тиісті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және ТМД ПАА арасындағы ынтымақтастық туралы келісім-шарт жобаларымен таныстырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін