Швецияда жаңа туған нәрестенің ағзасынан мутацияланған коронавирустың түрі табылды. Оның анасы сәбиді босанбас бұрын COVID-19-бен ауырған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жүкті әйел ішінің қатты ауырғанын айтқандықтан дереу ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жатырындағы баланың жүрек қағысы әлсіз екенін байқаған. Нәрестеге ауа жетіспеуі мүмкін деп қауіптенген мамандар шұғыл кесар тілігі арқылы келіншекті босандырып алыпты. Сараптама нәтижесінде баласының да, анасының да коронавирусқа шалдыққаны анықталған.
Алғашқы зерттеу қорытындыларына сәйкес дәрігерлер әйел мен баланың бойындағы вирустың айырмашылығы жоқ деген тоқтамға келген. Алайда кейіннен анықталғандай сәбидің ағзасында вирус популяциясы өзгеше болған. Алғаш рет жаңа туған баланың бойынан түрленген коронавирус табылған.
Анасы аурудан тез айығыпты, ал баланың бойында вирусқа қарсы антиденелер пайда болған. Мамандардың айтуынша, вирустың жатырдағы баланың денесіне енуі өте сирек кездеседі. Көп жағдайда баланың сыртындағы плацентаның ақуыз мөлшері төмен болады. Сондықтан вирус өткізгіш ретінде пайдалана алмайды.