Жаңа жылда зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы еселеп артты - Апталық шолу
![]() |
Қазақ қашаннан алдағының бәрінен жақсылық күтіп үйренген, келешегін тек жақсы нышандармен болжамдаған халық. Ескі жылды есіркеумен шығарып салып, жаңа жылдан жарылқау күтетіні де соның белгісі. |
«Жылан жылы - жайлы жыл» деп түсі сұсты жыланды да жақсылықпен әспеттеуі де сондықтан. Бір бұл ғана емес, барлық жылды да тек игі нышандармен тұспалдап өтеді. «Мешiн жылы - мерейлi жыл», «Тауық жылы - табысты жыл», «Ит жылы - игiлiк» деген секілді кете береді.
Әлбетте, қазақтың төл жаңа жылы Наурызбен бірге келеді. Яғни, қазақ үшін жаңа Жылан жылы тек алдағы Наурыз мейрамымен қатар табалдырықтан аттайтыны белгілі. Десек те, әлемдік қалыптасқан дәстүр бойынша осы аптада ел болып Жылан жылының босағадан аттағанын тойладық.
Жалпы, деректерге сүйенсек, жаңа жылды қарсы алу, атап өту дәстүрі біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықта Месопотамиде пайда болған. Ал жылдың 1 қаңтардан басталуы б.д. дейінгі 46 жылы рим басшысы Юлий Цезарьмен белгіленген екен. Ежелгі Римде бұл күн таңдаулар, есіктер және барлық бастаулардың құдайы - Янустың құрметіне арналған. Сондықтан да, көптеген елдер Жаңа жылды 1 қаңтар күні, григориан күнтізбесі бойынша жылдың бірінші күнінде атап өтеді. Сағат белдеуіне байланысты Жаңажылдық мерекелер алғашқы болып Тынық Мұхитында Кирибати аралдарында басталады. Ал ескі жылды ең соңғы болып Тынық мұхитындағы Мидуэй аралы шығарып салады.
Осы мерекеге қатысты пікірін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында да атап өткен болатын. «Жаңа жылды 1 қаңтарда мерекелеу дәстүрін Ресейге Бірінші Петр әкелгені тарихтан белгілі. 18 ғасырдың басында бұл еуропалық мейрам болатын. Шығыста оны әртүрлі атап өтеді. Қытайда қаңтар-ақпанда мерекелейді. Бізде Наурыз, 22 наурызда. Қазір бізге Жаңа жыл қажет пе дейтіндер бар. Мен мұны кәдімгі әдемі күн санаймын. Мен, мәселен, осы кезге дейін бұл мерекені үлкен сезіммен күтемін. Жаңа жыл қашанда, әсіресе, балаларда, қандай да бір үміттермен, армандармен байланысты. Қай жерге қарасаң да жарқыраған және түрлі-түсті әдемі ойыншықтар. Балалар мұндайды жақсы көреді емес пе!»,- деді Елбасы сол сұхбатта.
Ендеше осы келіп жеткен жаңа 2013 жылдан не күтеміз?
Сәуегей, болжамшылар қазақ үшін бұл жылдың да табысты болатынын айтады. Ал нақты сарап жасап, дамудың нақты бағасын дәл беретін аузы дуалы сарапшылардың да Қазақстанға арнаған болжамдары жаман емес. Әлемдік қаржылық дағдарыстың дауылы саябырсымай тұрғанына қарамастан, Қазақстанның қарқыны үдей түсетінін алға тартатындар да баршылық. Шетелдік сарапшылардың бұндай болжамдарын негізсіз айтылған әңгімеге балауға да болмайды. Өйткені, елімізде қолға алынған кешенді шаралар, алып жоспарлар мен халықтық жобалар соның дәлелі болмақ. Индустрияландыру саясатының сауатты жалғасуы да сарапшылардың бағалауына көбірек негіз болатыны жасырын емес. Сонымен бірге, елдің әл-ауқатын арттыруға көп жағдайлар, алғышарттар да толық қалыптасты. Бұлардың бәрі жұртшылықтың жағдайын одан сайын жақсартуға септік болмақ. Ең бастысы әлеуметтің әлеуеті одан сайын арта түсетін болады.
Бір ғана мысалды келтірейік. Осы аптада қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы беріліп отырған зейнетақының мөлшері тоғыз пайызға арттырылды. Дүниедегі көптеген мемлекет әлемдік қаржы қыспағынан құтыла алмай, соның салдарынан қатаң үнемдеуге көшіп, сол үшін күн сайынғы бүкіл халықтық жаппай наразылықтарға тап болып жатқанын ескерсек, Қазақстанның жағдайы шынымен де анағұрлым алда екенін байқауға болады.
Ал Үкімет қаулысында былай делінеді:
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің барлық алушыларына, оның ішінде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы әскери қызметшілерге, арнаулы және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерінен тоғыз пайызға арттыру жүргізілсін.
Бұл қаулы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Бұдан бөлек, қабылданған заңға сәйкес елімізде 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының көлемі ұлғайды. Атап айтқанда, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының мәліметтеріне қарағанда, 1 топтағы мүгедектің жәрдемақы көлемі 25 378 теңгені (бұған дейін 23 718 теңге болды), 2 топтағы мүгедектің 19 780 теңгені (18 486 теңге болды), 3 топтағы мүгедектің жердемақысы 13 809 теңгені (12 905 теңге болды) құрайды.
Ал асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы: еңбекке қабілетсіз бір асыраушыға - 12 316 теңге (11 510 теңге болған), еңбекке қабілетсіз екі асыраушыға 21 273 теңге (19 881 теңге болған), еңбекке қабілетсіз үш асыраушыға 26 311 теңге (24 589 теңге болған) көлеміне жетті. Балалары бар отбасына жәрдемақы көлемі де ұлғайды: бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақы 51 930 теңге ( 48 540 теңге болған), төрт және одан да көп бала дүниеге келуіне байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы 86 550 теңге (80 900 теңге болған), тұңғыш баланы бағып-күткені үшін ай сайынғы жәрдемақы 9 521 теңге (8 899 теңге болған), екінші баланы бағып-күткені үшін ай сайынғы жәрдемақы 11 252 теңге (10 517 теңге болған), үшінші баланы бағып-күткені үшін ай сайынғы жәрдемақы 12 983 теңге (12 135 теңге болған), төрт және одан да көп баланы бағып-күткені үшін ай сайынғы жәрдемақы 14 714 теңге (13 753 теңге болған). Бұдан бөлек, анаға (әкеге), бала асырап алушыға, қамқорлығына алғандарға (қамқоршыға), 16 жасқа дейінгі мүгедек-баланы тәрбиелеушілерге - 18 666 теңге (17 439 теңге болған ) жәрдемақы төленетін болды.
Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы да өсті. Атап айтқанда, арнайы шендер үшін төленетін үстемақының өскен көлемі ескеріліп бекітілген қаржының орташа мөлшері нақтыланған. Оның ішінде, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, 20 жыл қызмет атқарған полиция полковнигі - 226 405 теңге (бұған дейінгі мөлшер 175 562 теңге); учаскелік полиция инспекторы, 5-7 жыл қызмет атқарған полиция капитаны - 134 667 теңге (бұрынғы 100 618 теңге); жедел уәкіл, аудандық деңгейдегі тергеуші, 5-7 жыл қызмет атқарған полиция майоры - 117 733 теңге (бұрынғы 72 535 теңге);
орталық аппарат жедел уәкілі, 5-7 жыл қызмет атқарған полиция майоры 142 397 теңге (бұрынғы 97 199 теңге) алатын болады.
Тоқтала кететін жайт, Елбасы айқындаған ел дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясында көрсетілген жаңа міндеттерді жүзеге асыру осы жылдан бастап қолға алына бастайтын болады. Президент бұл жайында Үкімет пен Парламентке нақты тапсырмаларды да былтырғы желтоқсандағы Жолдауында жүктеген болатын. Яғни, бір сөзбен түйіндесек 2013 жылы Қазақстан дамудың жаңа сатысына қадам жасайтын болады. Мәселен, Primeminister.kz сайтының хабарлауына қарағанда, осы аптадан бастап-ақ Инновациялық қызметті дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдама жобасына өзгертулер енгізу қолға алына бастаған. Сонымен бірге, инновация саласындағы бірқатар бағыттарды дамытуда жоғары белсенділік күтілуде. Бұл әсіресе, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі тақырыбына байланысты. Бұл ретте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушин Инновациялық қызметті дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізгі міндеттері технологиялық болжау және инновациялық қызметті қолдау жүйесін қалыптастырудың нәтижелері бойынша анықталған біздің экономикамыз үшін маңызды технологияларды дамыту болып табылатынын айтады. Оның айтуынша, құжат инновациялық дамудың сегіз стратегиялық саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, мемлекеттік секторда инновациялар енгізу, инновациялық ортаны қалыптастыру, ғылымның тиімділігін арттыру, технологияларды коммерцияландыру жүйесін дамыту, бизнестің инновациялық белсенділігін дамыту, өңірлік инновациялық жүйелерді құру, инновациялық инфрақұрылымды дамыту және инновацияларды дамыту үшін халықаралық ықпалдастыру шараларын атқаруды қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда республикада инновациялық экономика тұрғызу үшін қажетті база құрылған. Бұл база бірнеше инновациялық және ғылыми инфрақұрылымды, оның ішінде технопарктер мен конструкторлық бюроларды қамтитын толыққанды инновациялық жүйе құруды қарастырады. Және бұл жүйе қаржылық инфрақұрылымды, ең алдымен, инновациялық гранттарды, венчурлық қорларды, жобалық қаржыландыруды және бизнестің белсенді атсалысу шарттарын қамтиды. «Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбына байланысты инновациялық саясатта өзгерістер орын алады және бұл жұмыстар басталып та кетті. Онда энергияның баламалы көздерін дамыту, энергетикалық тиімділік және т.б. салалардағы технологияларды әзірлеумен байланысты мәселелер қамтылатын болады. Дәл осы мәселеге байланысты аталмыш Тұжырымдаманы қабылдау ісі 2013 жылға ауыстырылған болатын. Себебі ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуіне байланысты және Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен жүктелген тапсырмаларға орай бұл құжатқа толықтырулар мен өзгертулер енгізу аса қажет. Тағы бір маңызды міндет - инновациялық жүйе толық жұмыс істеу үшін аталған жүйелердің арасындағы байланысты күшейту болып табылады. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Тұжырымдама Президент Әкімшілігінің қарауында. Құжат қаңтар айында қабылданып қалады деген ойдамыз», - дейді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушин.
Түйіндей айтсақ, Жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасы да аяқталды. Ал келесі аптадан бастап мемлекеттік органдар, министрліктер мен ведомстволар былтырғы жылды қорытындылаудың қамына кірісіп, қалыптасқан дәстүр бойынша ағымдағы жылдың жоспарларын тағы бір тиянақтайтын болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін