Жарияланды: 270

Жаңаөзендегі апат: Жасөспірім Ақтауға санавиациямен жеткізілді

Жаңаөзендегі апат: Жасөспірім Ақтауға санавиациямен жеткізілді

Жаңаөзен орталық қалалық ауруханасында ауыр халде жатқан 18 жастағы жасөспірім санавиациямен Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық жәрдемді үйлестіру бөлімінің басшысы Алтынгүл Көптілеуова айтты.

«Жас жігіттің миы шайқалған, маңдай-самай сүйегі сынған, бас пен мидың жабық жарақатын алған. Дәрігерлер науқастың бас сүйегіне трепанация жасады. Трахеостомия (кеңірдекке салынған) түтігінен тыныс алып жатыр», - дейді А. Көптілеуова. Оның айтуынша, жол апатынан зардап шеккен үш бірдей науқас Ақтаудағы медицина мекемесіне жылдам жеткізілген. «Әйел мен алты жасар баланы ауруханадан шығардық. Олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Екі аяғына ота жасалған он жасар қыз жансақтау бөлімінде, қазіргі жағдайы орнықты», - деді ол. Жол апатынан зардап шеккендерден Жаңаөзен орталық қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде тағы екі адам, травматология және хирургия бөлімдерінде жеті адам жатыр. Еске сала кетсек, 25 қарашада «ГАЗель» мен тепловоз соқтығысқан жан түршігерлік жол апаты болған. 9 адам қаза тауып, 27 жолаушы ауруханаға жеткізілген еді.


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін