Жарияланды: 40

Жапония коронавируске қарсы вакцинаны сынақтан өткізуде

Жапония коронавируске қарсы вакцинаны сынақтан өткізуде

Жапон ғалымдары коронавируске қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізіп жатыр.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Осака префектурасының денсаулық сақтау органдары жергілікті университеттермен бірлесе отырып, COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны дайындауда. Жануарларға сынама тесттер жасалды.

Осака губернаторы Йошимура Хирофуми клиникалық сынақтан өткізу шараларының бірінші кезеңінде денсаулық сақтау саласының 20-30 қызметкеріне екпе жасалатынын мәлім етті. Префектура басшысының айтуынша, вирусқа қарсы дәрі-дәрмек пен вакцинаны жасап шығару өте маңызды. Осака бұл мақсатқа бірінші қадам жасап отыр.

Вакцина қауіпсіз болып танылғанда, Осака префектурасының үкіметі ағымдағы жылдың қазан айында сынау жұмыстарына тағы бірнеше жүздеген адамды қатыстырмақ.

Вакцинаны әзірлеу оң нәтижесін берсе, Жапония 2020 жылдың соңына қарай 200 мыңға дейін доза дайындап, қадағалау органдарының келесі жылға рұқсатын алуды жоспарлап отыр.

Қазіргі кезде Жапонияның 17 600-ден астам азаматында коронавирус расталып, індеттен көз жұмғандар саны 930 адамнан асты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін